2 Қараша 2026, 11:38 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қамбадағы астықтан экспорттағы табысқа: Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

Қазақстанның аграрлық экспортындағы өңделген өнімдердің үлесі 54,1 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында осы өнімдердің экспорты 3,04 млрд долларды құраған. Өсімге астық өңдеу, өсімдік майы және басқа да азық-түлік өндірістері үлес қосып отыр. Ендігі міндет – өңдеу көлемін ұлғайтып, мол өнімнің экономикалық қайтарымын арттыру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аграрлық экспорттың құрылымы өзгеріп келеді

Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, биылғы қаңтар-тамызда өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1 пайызға артқан. Нәтижесінде олардың аграрлық экспорттың жалпы құнындағы үлесі 54,1%-ға жетті.

Бұл – экспортталған өнімнің салмағына емес, ақшалай құнына қатысты көрсеткіш. Яғни аграрлық сектордың сыртқы нарықтан алған түсімінің жартысынан астамын өңделген тауарлар қамтамасыз еткен.

Мұндай өзгеріс ауыл шаруашылығы үшін маңызды. Өнімді ел ішінде өңдеу кәсіпорындарға тапсырыс беріп, шикізатқа қосымша сұраныс қалыптастырады. Сонымен бірге дайын тауар шығару арқылы өндірістік тізбектің бірнеше кезеңінен табыс табуға мүмкіндік туады.

Мол өнімнің артында қандай қолдау бар?

Экономист Айбар Олжай биылғы астық көлемін аграрлық секторға жасалған жағдаймен байланыстырады. Оның пікірінше, өнімділікке ауа райымен қатар, шаруалардың қаржы мен техникаға қолжетімділігі де әсер етеді.

Биыл ел қамбасына 24,3 млн тонна астық түсті. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Меніңше, мұны тек қолайлы ауа райымен байланыстыру дұрыс емес. Ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың да үлесі зор. Өйткені мол өнім алу үшін табиғаттың мейірімін күту жеткіліксіз. Шаруаға қаржы, техника және егінін баптауға жағдай қажет, - дейді ол.

Сондай-ақ биыл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын да аграрлық салаға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтады.

Аграрлық секторға берілетін жеңілдетілген несие көлемі ұлғайып келеді. Президент Жолдауда оны 1,5 триллион теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Сонымен бірге техниканы жаңартуға, сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштардың қолжетімді болуына басымдық беріліп отыр. Нәтижесі де байқалады: кейінгі үш жылда тыңайтқыш қолдану көлемі үш есеге жуық артып, ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 65 пайызға дейін төмендеген, - деді сарапшы.

Бұл қолдау шараларының келесі кезеңі жиналған өнімді өткізу және өңдеу мүмкіндіктерімен байланысты. Егістіктегі нәтиже кәсіпорындардың шикізат қорына, ал өңделген өнім ішкі және сыртқы нарыққа жеткізілетін тауарға айналуы қажет.

Ұн мен өсімдік майы экспорты ұлғайды

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025-2026 маркетингтік жылында астық пен ұн экспорты астық баламасында 16 млн тоннаға жеткенін хабарлады.  Бұл көрсеткіш астықтың өзін де, ұнға айналдырылған бөлігін де қамтиды.

2026 жылғы қаңтар-тамызда шетелге 1,38 млн тонна бидай және бидай-қара бидай ұны шығарылған. Оның жалпы құны шамамен 400 млн доллар болды. Бір жылда экспорттың заттай көлемі 23%-ға, одан түскен түсім 36%-ға  өсті.

Өсімдік майларын өндірушілердің де сыртқы нарықтағы сатылымы артқан. Күнбағыс, мақсары және мақта майлары экспортының құны 453 млн доллардан 673 млн долларға дейін ұлғайды. Өсім 49 пайызды құрады. Рапс пен қыша майлары бойынша экспорттық түсім 2,3 есе көбейіп, 90 млн долларға жетті, - делінген хабарламада.

Май өндірісінен алынатын күнжара мен шротқа да сұраныс бар екенін байқауға болады. Олардың экспорты ақшалай есепте 42 пайызға өсіп, 113 млн долларды құраған. Жеткізілім көлемі 430 мың тоннадан 597 мың тоннаға жеткен.

Өнім сапасы мен өңдеу мүмкіндігі

Экспорттық әлеуетті арттыруда өндіріс көлемімен бірге шикізаттың сапасы да маңызды. Айбар Олжай биыл жиналған бидайдың сапалық көрсеткіштеріне назар аударып, ендігі басымдық оны тиімді пайдалануға берілуі керектігін айтады.

Биылғы өнімнің тағы бір ерекшелігі – сапасы. Жиналған жұмсақ бидайдың шамамен 72 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Бұл ұн өндіру мен сапалы астық экспорттау мүмкіндігін кеңейтеді.

Ендігі міндет мол өнімнің экономикалық қайтарымын арттыру. Астықты шикізат күйінде сатумен шектелмей, ел ішінде өңдеп, дайын өнім экспорттауды ұлғайту қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда осыған да назар аударды. Даладағы молшылық өңдеу кәсіпорындарына тапсырыс, ауылға жұмыс орны, елге қосымша табыс әкелгенде ғана оның игілігін толық көреміз, - деді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, өңделген өнім экспортының өсуі ауыл шаруашылығындағы өндірістік байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді. Шаруа өнімін өткізсе, кәсіпорын шикізатпен қамтылады. Ал дайын тауар өндіру мен жеткізуге қосымша қызметтер тартылады.

Терең өңдеуге 4 млрд долларлық жобалар әзірленген

Астықты терең өңдеу ұн шығарудан бөлек, крахмал, глютен, аминқышқылдары мен биоэтанол өндіруді қамтиды. Бұл бағыт ауыл шаруашылығы шикізатынан алынатын өнімдердің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір Қазақстанда жылына жалпы көлемі 510 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейтінін мәлімдеді.  Соңғы бес жылда крахмал өнімдерінің өндірісі 2,1 есе артқан, ал биоэтанол өндірісі 21,2 мың тоннаға жеткен.

Саланы кеңейту үшін жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын алты ірі инвестициялық жоба әзірленген. Олардың жиынтық қуаты жылына 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге есептеліп отыр, - дейді ведомство.

Биыл Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері өңдеуге арналған «Қазкрахмал» зауыты іске қосылған. Жамбыл облысында Fufeng Group өндірістік кешені құрылысының бірінші кезеңі аяқталған.

Qostanai Grain Industry және Tiryaki Agro жобаларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ақмола облысында тағы екі өндіріс орнын ашу жоспарланған.

Жоспарланған қуаттың нақты өндіріс көлеміне айналуы кәсіпорындардың іске қосылуына, шикізатпен қамтамасыз етілуіне және өнімін өткізу мүмкіндігіне байланысты болмақ.

Өңдеу кәсіпорындарына тұрақты шикізат қажет

Жаңа зауыт салумен қатар, оның үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасау да маңызды. Кәсіпорынға шикізат сатып алу, қор қалыптастыру және күнделікті өндірісті жүргізу үшін айналым қаражаты керек.

Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, 2024-2026 жылдары өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталған. Мемлекеттік қолдау жеңілдетілген кредит беруді, инвестициялық субсидиялауды және салықтық преференцияларды қамтиды.

Болашақ өндірістердің қажеттілігіне қарай шикізат базасын кеңейту шаралары да қолға алынған. Қазақстанда жүгері егісінің көлемі 60 пайызға ұлғайып, 106 мың гектарға жеткен.

Өңдеу саласының дамуы фермерлерге өнімін өткізудің қосымша мүмкіндігін ашады. Дегенмен оның шаруалар табысына ықпалы сатып алу бағасына, жеткізу шығынына және кәсіпорындармен жасалатын келісімдердің тұрақтылығына байланысты.

Аграрлық экспорттағы өңделген өнім үлесінің артуы осы бағыттағы өзгерісті көрсетіп отыр. Ендігі нәтиже жаңа өндірістердің іске қосылуымен, олардың нақты жүктемесімен және ауыл шаруашылығы өнімдеріне қалыптасатын тұрақты сұраныспен өлшенеді.

Еске салсақ, Қазақстанда қосылған құны жоғары агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорт көлемі тұрақты түрде артып келеді. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңделген АӨК өнімдерінің экспорты 3,04 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1%-ға жоғары.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды: рекордтық өнімге не әсер етті? 

Қазақстан бидайының 72 пайызы жоғары сұрыпты: экспортқа әсері қандай?