Көлгінов қаланы безендіруге шыршалар сатып алынбағанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада жаңажылдық шырша орнатуға бюджеттен қаржы бөлінбеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жаңа шыршалар сатып алмадық. Бұрын болғанды орнаттық. Инвесторлар есебінен сырғанауға арналған жаңа орындарды ашамыз. 50 астам шыршаның 70%-ы жеке сектор есебінен қойылады. Сауда орталықтары маңайына өз шыршаларын қояды. Біз олармен сөйлесіп, олардың да тұрғындарға жағдай жасауын сұрадық. Бұл біріншіден клиенттерге тартымды болса, екіншіден бюджетті үнемдейміз. Жаңадан ештеңе сатып алмадық. Отшашулар да демеушілер есебінен болады. Жалпы жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік мерекесінен кейін бастадық. Құрастыруды көп уақыт алатын кейбір шыршаларды қоюды сәл ертерек бастадық. Ал безендіруді бүгіннен бастаймыз, – деді Көлгінов.
Журналистер елорда басшысынан қалада заңды түрде шыршаларды қайдан алуға болатынын сұрады.
Елордада тұрғындары шыршаларды қайдан алуға болатынын біледі. Заңды түрде оларды супермаркеттер мен гипермаркеттерден алуға болады. Өзімнің азаматтық позициям ретінде айтайын, мен шабылып әкелген шыршаларды мүлдем сатып алмаймын. Бұл адамгершілікке жат әрекет. Біз, яғни әкімдіктің қызметкерлері бір шыршаның өсіп шығуы үшін қанша уақыт керек екенін жақсы білеміз. Негізінен қарағайлар шабылып жатады ғой. Оның өсіп шығуы үшін қаншама жыл керек. Кемінде 10-15 жыл өскен ағашты 10-15 минутта кесіп апарып сатып, жаңа жыл өткен соң бір-екі күннен кейін қоқысқа тастай салады. Бұл – экологияға үлкен зиян. Бізде оған шектеу қойылған. Бірақ қайдан әкеліп сатып жататыны белгісіз. Бәлкім өзге елдерден жеткізетін болар, – деді әкім.
Әкім қала тұрғындарына жасанды шыршалар сатып алуға кеңес берді.
Жасанды шыршалар да әдемі. Шашылмайды. Сапасы да табиғи шыршадан түрінен кем түспейді. Оларды бірнеше жыл пайдалануға болады. Міне осындай жасанды түрлерін біз қалада қолданып жатырмыз. Бұрын үлкен шыршалар үшін үлкен ағаштарды кесетін. Қазір мәдениетіміз, құндылықтарымыз өзгерген. Бүкіл әлем экология туралы айтып жатыр, – деді әкім.Бұған дейін, елорда әкімі Алтай Көлгінов елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндаған болатын. Сондай-ақ, Алтай Көлгінов халық санының көбеюіне байланысты жыл сайын 10 мектеп салу керектігін мәлімдеген еді. Бұдан бөлек, ол Есілдің бойында үш көпір салынатынын да айтқан еді. Сонымен қатар, келер жылы Нұр-Сұлтанда екі оңалту орталығы салынатынын да айтты.