Қалаға серуенге шыққан жүргізуші түрмеден бір-ақ шықты
Астаналық тұрғын мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұған дейін 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған ер адам қайтадан мас күйінде рөлге отырған.
Ол Hyundai Starex автокөлігімен Астана–Қарағанды тасжолы мен А-105 көшесінің қиылысында рульге ие бола алмай, Lada Priora көлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленушіге 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Сот үкімімен жүргізуші Қылмыстық кодекстің 346-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Материалдық шығын өндірілді, - деп жазылған Астана қаласы прокуратурасының хабарламасында.
Елорда прокуратурасы көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде рульге отырған адамдарға жаза қатаңдатылғанын еске салады. Мұндай жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру көзделген.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында 12 жасар баланы қағып өлтірген автобус жүргізушісіне үкім шықты.