Қағазбастылық, тексеріс және жөндеу жұмыстарына тарту: Тоқаев мұғалімдерді қорғауды тапсырды
Тоқаев мұғалімдерді қағазбастылықтан, есептен және пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуды тапсырды. Астанадағы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімдерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, артық аттестация талаптарынан және пайдасыз тексерістерден босату қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, білім беру базасын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Оның аясында мемлекеттік сервистер мен қызметтерді біріктіру көзделіп отыр. Бұл мұғалімдердің уақытын алатын жұмыстардан арылуына мүмкіндік береді.
Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұғалімдерді оқу процесіне тікелей қатысы жоқ жұмыстарға тартуға болмайтынын да еске салды.
Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктердің білім саласына жауапты басқармаларының негізгі міндеті – оқу процесін тиімді ұйымдастыру және білім беру бағдарламаларын сапалы саралау.
Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет, – деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Президент «Өрлеу» орталығының жұмысы мардымсыз екенін айтып, мұғалімдерді аттестаттау талаптарын қайта қарауды тапсырды.
Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді аттестаттаудағы тест алынып тасталатынын хабарлады.