Бүгiн 2026, 11:10 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Путиннің Астанаға сапары: Тәуелсіздік сарайында дайындық қалай жүріп жатыр?

Таңертеңнен бастап Тәуелсіздік сарайында журналистер, хаттама қызметтері, құрмет қарауылы және Қазақстан мен Ресейдің ресми делегациялары жұмыс істеп жатыр.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында таңнан бері ерекше атмосфера орнаған. Бірнеше сағаттан кейін жоғары деңгейдегі келіссөздер өтетін дәліздер мен залдарға журналистер, хаттама қызметкерлері, ресми делегация өкілдері мен қауіпсіздік қызметі біртіндеп жиналып жатыр. Толығырақ – BAQ.KZ фоторепортажында.

Журналистер мен қызметтер – тас-түйін дайын

Орталық кіреберісте алғашқы сағаттардан бастап қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері болып жатқан жайттарды жіті қадағалап, қатысушылардың қозғалысын үйлестіруде және кіреберіс топтардан бастап ішкі залдарға дейінгі әрбір аймақтың дайындығын тексеріп жатыр.

Осы уақытта баспасөз орталығы қалыпты жұмыс ырғағына көшіп үлгерді. Операторлар камераларын баптап, журналистер өз орындарына жайғасуда және екі ел басшыларының келуін күте отырып, тікелей эфирлердің соңғы детальдарын нақтылауда.

Құрмет қарауылы және хаттама: әр минут жіті есептелген

Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда ресми қарсы алу рәсіміне соңғы дайындықтар жалғасуда. Құрмет қарауылы сап түзеуді, қимылдардың синхрондылығын және кортеж өтетін бағытты қайта-қайта пысықтап жатыр.

Сарай ішінде де қызу жұмыс жүріп жатыр. Хаттама қызметінің қызметкерлері отырыс схемаларын, делегациялардың жүру бағыттары мен кездесулерді өткізу тәртібін нақтылауда. Бұл жерде кез келген нәрсенің маңызы зор - тулардың орналасуы, ресми тұлғалардың шығу реттілігі және тіпті кестедегі әр минуттың дәлдігіне дейін ескерілген.

Делегациялар Тәуелсіздік сарайына келіп жатыр

Тәуелсіздік сарайына шетелдік қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері, Ресей делегациясының мүшелері, сондай-ақ қазақстандық министрлер мен ведомство басшылары келуін жалғастыруда.

Сарай ішінде техникалық қызметтердің де жұмысы бір сәтке тоқтаған жоқ. Мамандар бүгін ресми келіссөздер мен құжаттарға қол қою рәсімі өтетін залдардағы жарықты, экрандарды, аударма жабдықтарын, байланыс жүйелері мен дыбысты тексеріп жатыр.

Бүгін Астана тағы да өңірдегі басты дипломатиялық алаңдардың біріне айналып отыр. Мұнда Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі, экономика, энергетика және алдағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланады.

Еске салайық, 27 мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин келді. Қазақстан тарапы мәртебелі мейманды мемлекеттік протокол аясында көк кілеммен, құрмет қарауылымен, оркестрмен және ұлттық музыкалық сүйемелдеумен қарсы алды.

Сондай-ақ, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің негізгі бағыттары мен қазақ-орыс саяси диалогының жоғары деңгейі сөз болған еді.

Одан кейін Путиннің Астанаға сапарына қатысты сарапшы пікір білдірді