Бүгiн 2026, 09:49 Фото: Ақорда

Путиннің Астанаға сапары: Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы жаңа кезеңге өте ме?

Бұл сапарды жай ғана жоғары деңгейдегі кездесу деп қарастыруға болмайды дейді сарапшы.

Соңғы жылдары әлемдік саясат пен экономикадағы өзгерістер Орталық Азияның маңызын бұрынғыдан да арттырды. Геосаяси тепе-теңдік өзгеріп, халықаралық логистика жаңа бағыттарға бейімделіп жатқан кезеңде Қазақстан аймақтағы негізгі транзиттік және дипломатиялық орталықтардың біріне айналып келеді. Осындай жағдайда Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары  сарапшылар мен саясаткерлердің назарын аударды. Бұл тек хаттамалық кездесу емес. Сарапшылардың пікірінше, сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге бейімделу процесін көрсетеді. ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбектің айтуынша, қазіргі халықаралық жағдайда Қазақстан мен Ресей үшін тұрақты әрі прагматикалық диалогты сақтау аса маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл сапарды жай ғана жоғары деңгейдегі кездесу деп қарастыруға болмайды. Қазіргі өзгеріп жатқан халықаралық және өңірлік жағдай аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жаңа кезеңге бейімдеуге бағытталған маңызды саяси оқиға болып отыр, - дейді сарапшы.

Бүгінде Астана мен Мәскеу арасындағы байланыс тек саяси диалогпен шектелмейді. Екі ел энергетика, көлік-логистика, өнеркәсіптік кооперация, транзит, цифрландыру және инфрақұрылымдық жобалар бойынша да тығыз жұмыс істеп келеді.

Әсіресе соңғы жылдары көлік дәліздері мен транзиттік бағыттардың маңызы айтарлықтай артты. Әлемдік жеткізу тізбектері өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан арқылы өтетін бағыттар Ресей үшін де, Орталық Азия үшін де стратегиялық мәнге ие бола бастады.

Сарапшының сөзінше, қазіргі кезеңде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың сипаты да өзгеріп келеді.

 Алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстар барынша өзара тиімді және нақты экономикалық мүдделерге негізделетін болады, - дейді Нұржан Өмірбек.

Соңғы уақытта Батыс елдері Ресеймен байланыстарға ерекше назар аударып отырғаны белгілі. Осыған байланысты кей сарапшылар Путиннің Астанаға сапары Қазақстанның халықаралық имиджіне әсер етуі мүмкін деген пікір айтып жүр. Алайда Нұржан Өмірбек бұл пікірмен толық келіспейді.

Оның айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары көпвекторлы әрі теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келе жатқанын дәйекті түрде дәлелдеп отыр.

Бүгінде Қазақстан Ресеймен ғана емес, Қытай, Еуропалық одақ, АҚШ, Түркия және Таяу Шығыс елдерімен де белсенді байланыс орнатқан. Сондықтан Ресеймен жоғары деңгейдегі кездесулер Қазақстанның сыртқы саясатының табиғи әрі қалыпты бөлігі ретінде қабылданады, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ географиялық факторды да ескеруге шақырады.

Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараға ие мемлекеттер саналады. Сонымен қатар екі елдің экономикасы, транзиттік жүйелері мен өңіраралық байланыстары өзара тығыз байланысты. Саяси диалогты сақтау – объективті қажеттілік. Қазіргі халықаралық қауымдастық та Қазақстанның ерекшелігін жақсы түсінеді деп ойлаймын, - дейді ол.

Нұржан Өмірбек Ресей үшін Қазақстанның маңызы соңғы жылдары тіпті арта түскенін айтады. Бұған Орталық Азияның халықаралық саясаттағы рөлінің күшеюі де әсер етіп отыр.

Қазақстан бүгінде Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерін байланыстыратын негізгі көлік бағыттарының бірі саналады. Әлемдік логистика қайта қалыптасып жатқан кезеңде мұндай бағыттардың стратегиялық маңызы күшейе түсті. Сонымен қатар Қазақстан Ресей үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы басты серіктестердің бірі болып қала береді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар тек саяси деңгеймен шектелмейді. Олар энергетика, өнеркәсіп, транзит, білім беру, гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастық сияқты көптеген практикалық бағыттарды қамтиды. Сондықтан қазіргі сапардың символикалық қана емес, нақты практикалық маңызы да жоғары, – дейді сарапшы.

Сарапшының пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін басты міндет – ұлттық мүддені сақтай отырып, барлық ірі серіктестермен теңгерімді қарым-қатынасты жалғастыру. Ал Астанаға әлем лидерлерінің келуі Қазақстанның халықаралық аренадағы салмағы артып келе жатқанын көрсетеді.

Еске салайық, 27 мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин келді. Қазақстан тарапы мәртебелі мейманды мемлекеттік протокол аясында көк кілеммен, құрмет қарауылымен, оркестрмен және ұлттық музыкалық сүйемелдеумен қарсы алды.

Сондай-ақ, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің негізгі бағыттары мен қазақ-орыс саяси диалогының жоғары деңгейі сөз болған еді.