Президент тапсырмасы: Екібастұзда ЖЭО мен көмір өндірісі жаңғыртылып, электр генерациясы артуда

Павлодар облысы – еліміздегі электр энергетикасының негізгі ошағы. Былтыр өңір елдегі электр энергиясының 42%-ын өндірді. Аймақта «таза көмір» технологиясына негізделген жобаларға да басымдық беріліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Екібастұз қаласындағы ГРЭС – Қазақстандағы ең ірі электр станцияларының бірі. Биыл станцияның ашылғанына 46 жыл толды. Құрамында 8 энергоблок бар, әрқайсының қуаты шамамен 500 МВт, ал жалпы қуаты 4000 МВт-қа дейін жетеді. Бұл Солтүстік пен Орталық Қазақстанды, сондай-ақ көршілес аймақтарды электр энергиясымен қамтамасыз ететін басты нысан.

Бүгінгі күні станцияда 1481 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 2 энергоблок қызмет көрсетуде, олардың жалпы қуаты – 1000 МВт. Өткен жылы 5,3 млрд киловатт сағат энергия өндірдік. Ал 2026 жылға жоспарымыз – 6 млрд киловатт сағат, – дейді Екібастұз ГРЭС-2 станциясының техникалық кеңесшісі Өмірхан Салманов.

Энергетикалық жүйенің тұрақтылығына қосқан үлесімен қатар, өңірде көмір өндірісі де жоғары деңгейде дамып келеді. «Богатырь Көмір» – елдегі ең ірі өндірушілердің бірі, жалпы өндірістің 38%-ын қамтамасыз етеді. Жылдық өндіріс қуаты – 42 млн тонна, оның басым бөлігі «Богатырь» кенішіне тиесілі. Кәсіпорын цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Бүгінгі күні өндіріс қуаты 42 млн тоннаға дейін жетеді. Оның ішінде 32 млн тоннасы "Богатырь" кенішіне, 10 млн тоннасы "Северный" кенішіне тиесілі. Көмірдің жиынтық баланс қоры – 2 млрд 377 млн тонна. Кәсіпорындарымыздың тау-кен техникалары 8 роторлы эксковатор, 48 шөміш және гидравликалық эксковатор және 68 ауыр жүк автокөлік, 12 конвейерлік желілер мен қайта тиегіштерден тұрады. Бұған қосымша компаниямызда цифрландыру және автоматтандыру бойынша жаңа технологиялар енгізілуде,- деп атап өтті «БОГАТЫРЬ КӨМІР» ЖШС басқарма директоры Асылбек Нұрғалиев.

Соңғы жылдары Екібастұз экономиканы жоғары технологиялық секторға тарту бағытында да қадамдар жасауда. «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасы аясында 15 шақырым электр тарату желілері және 300 МВт қуатты стансалар салынып, болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейтіледі. Бұл IT, жасанды интеллект және есептеу технологиялары саласында 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаға 30 млрд АҚШ доллар көлемінде инвестиция тартылуда және ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

Екібастұз – тек энергетика емес, болашаққа бағытталған технологиялық даму орталығы. Мұнда дәстүрлі өнеркәсіп пен цифрлық жаңалықтар бір-бірімен ұштасып, Қазақстанның энергия қауіпсіздігі мен экономикасын нығайтып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы