Президент сайлауы. Кандидаттар туралы не білеміз?

20 қараша күні елімізде үлкен саяси науқан – кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні баршаға мәлім. Бүгін ел Президенттігіне кандидаттарды тіркеу уақыты аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет тізгінін ұстауға үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталды. Партиялар мен қоғамдық ұйымдардан барлығы 12 кандидат ұсынылды. 

Сонымен, кандидаттар туралы не білеміз? 

Президенттікке үміткерді алғашқы болып «Ауыл» партиясы  Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевты ұсынды. 

Жигули Дайрабаев – қазақстандық саяси қайраткер. 1954 жылы туған. Еңбек жолын шопанның көмекшісі және жүргізушісі болып бастайды. 1995-1997 жылдары «Қорағаты» совхозының директоры болып, 1997-2001 жылдары Т. Рысқұлов ауданының статистика басқармасын басқарды. 2001 жылы Шу ауданы «Бірлік» нан қабылдау кәсіпорнының директоры, 2009 жылы «MOLBAL» ЖШС бас директоры болды. Ал 2019-2022 жылдары Ферлер одағын басқарса, 2022 жылғы маусымнан бері «Атамекен» ҰКП Президиумы агроөнеркәсіп кешені комитетінің тізгінін қолға алды. 

2021 жылы жер реформасы бойынша республикалық комиссия басшысының орынбасары болып сайланды. 

 1 қазанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев кандидат ретінде ұсынылды.  

Нұрлан Әуесбаев 1957 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. ЖСДП елордалық филиалының жетекшісі. Білімі – жоғары, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Ұзақ жылдар әкімдіктерде түрлі қызметтер атқарған.  Әуесбаев бұл соңғы 16 жылдағы аталған партиядан президенттікке бірінші үміткер. 

3 қазанда «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі «Астана» халықаралық ғылыми кешені Экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкеннің кандидатурасын лайық деп санады. 

Мейрам Қажыкен – 61 жаста, Павлодар облысының тумасы.

Экономикалық ғылымдар докторы, Қазіргі қоғам зерттеулері институтының директоры, Yntymaq партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың көшбасшысы. 

2002-2003 жылдары Павлодар облысы экономика департаментінің бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкімет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инфрақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қызметтерін атқарды.

6 қазан күні өткен қолдаушылар форумында халықтық коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.   

Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті. 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институт бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары, 1993 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары,  1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-Министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. 

2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.

2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.

2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды.

2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады. 

2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Төтенше және Өкілетті Елші.  

7 қазан күні «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі  президенттікке кандидат ретінде Қарақат Жақсылыққызы Әбденді ұсынды. 

Қарақат Әбден 1974 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі және 4 баланың анасы. Мемлекеттік лауазымдарда оның ішінде Салық комитетінің орталық аппаратында, Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызмет еткен. Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты. Сәбилер үйі мен Балалар үйінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі, балалар үйінің 15 тәрбиеленушісінің менторы және тәлімгері.  

7 қазан күні Орталық сайлау комиссиясы «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінен Нұржан Әлтаевтың кандидатурасын ұсынғанын жариялады. 

Нұржан Әлтаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Үйленген.

2004 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2012 жылы Академиялық инновациялық университетін, 2019 жылы Алматы Менеджмент Университетін бітірген. Мамандығы – заңгер, экономист. Іскерлік басқару докторы.

Еңбек жолын 2002 жылы ЖШС-да кеңесші-заңгер қызметінен бастады.

2003-2004 жылдары - М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттік мәселелер бойынша проректор.

2005-2012 жылдары - мемлекеттік органдарда әртүрлі қызметтер атқарған, ұлттық компанияларда жұмыс істеген. 2012-2014 жылдары «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын», Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасын басқарды. 2014 жылдың наурызынан бастап осы уақытқа дейін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары болып істеген.

2005-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің басшысы. 2008-2011 жылдары - «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ департаментінің директоры.

2008-2011 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өндірістік басқармасының бастығы.

2011-2012 жылдары - «Максимум» Аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары.

2012-2013 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының «Кәсіпкерлікке қызмет көрсету» ЖШС директоры.

2013-2014 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры.

2014-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары.

2017-2018 жылдары - ауылшаруашылық министрлігінің вице-министрі.

2018-2019 жылдары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі.

2019 жылдың ақпан айынан бастап «Нұр Отан» партиясы тізімі бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты. Аграрлық мәселелер бойынша комитеттің мүшесі.

10 қазан күні «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан президенттікке кандидат ретінде Жұматай Әлиевтің құжаттары тапсырылды. 

Жұматай Әлиев 1952 жылдың 20 маусымында Жамбыл облысында дүниеге келген.

Ленинград мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, философ, экономист. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі.

Университетті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында мұғалім болып еңбек еткен.

1977-1982 жылдары ҚЛКЖО Алматы қалалық комитетінің нұсқаушысы, ҚЛКЖО Фрунзе аудандық комитетінің екінші хатшысы, ҚКП Алатау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған.

1982-1983 жж. – Алматы қалалық сүт зауытында аға технолог- инженер, бас инженердің орынбасары.

1983-1997 жж – Алматы сәулет және құрылыс институтында аға оқытушы, Алматы мал дәрігерлік институтының әлеуметтік-экономика пәндері кафедрасының меңгерушісі, ҚазМАУ гуманитарлық даярлау орталығының басшысы.

1997-2001 жж. – Орталық Азия университетінің президенті, ректоры.

2001-2008 жж. – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халықтары Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.

2008-2012 жж. – Орталық Азия университетінің қамқоршы кеңесiнің төрағасы, профессор, «Тұрақты Қазақстан» қоғамдық қорының басшысы.

2012 жылдың қаңтарынан бастап – бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

III, II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

10 қазанда "Қазақстан Құрылысшылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Файзуллаұлы Ерғалиев президенттікке кандидат ретінде құжаттарын өткізді.

Талғат Ерғалиев 1966 жылы Целиноград облысында туған. Агротехникалық университетті бітірген, инженер-механик. Оқытушы болып жұмыс істеген және кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

1991-1992 жж. – Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің оқытушысы, инженерлік-педагогикалық факультеті деканының орынбасары.

1993-1999 жж. – сауда компаниясының директоры.

1999-2002 жж. – Қарашағанақ кен орнында «АксайИнвестСтрой» компаниясының басшысы.

2004 жылы «Стройкласс» ҚК ЖШС-ін құрған, жоба-менеджері.

2010 жылдан бері «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы Орталық кеңесінің өңірлік саясат бойынша хатшысы.

2012 жылғы қыркүйек айынан бастап бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Бүгін, 11 қазанда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Салтанат Тұрсынбекованы ұсынды. 

Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова – белгілі қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы және оның алдын алуға арналған бірнеше әлеуметтік жобаларға жетекшілік еткен, құқыққорғаушы.

Ол 1966 жылы Жамбыл облысында туған, отбасылы, 2 бала тәрбилеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 30 жылдан асады.  

11 қазанда «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі үміткер ретінде Хайролла Мағауияұлы Ғабжалиловты ұсынды. 

Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов 1950 жылы Қарақалпақстандағы Тахтакөпір ауданында дүниеге келген. Суретші, сәулетші, Қазақстанның төл ұлттық валютасы – теңгенің авторларының бірі.

Чехословакияда  суретші-сәулетшілер мектебін, Самарқан сәулет-құрылыс институтын бітірген. 1980 жылы  "Қазқалақұрылыс-жоба" мемлекеттік жобалау институтында аға архитектор, топ жетекшісі, жобаның бас архитекторы қызметтерін атқарған. Ғабжалиловтың  жобасы бойынша Жаңатас, Алматы қалаларында бірқатар ғимараттар мен тұрғын үйлер салынды.  

Бүгін президенттікке кандидаттығын Қазақстан әуесқой футболшылардың қоғамдық бірлестігі атынан Бақыт Маратұлы Жаңабаев   құжатын тапсырды. 

Бақыт Жаңабаев – 46 жаста. 2001 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта ҚР Қажы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері. 

 

Ел басқаруға үміткерлікке құжаттарды соңғы болып «Тәжірибелік Психология» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Фатима Бизақова тапсырды. 

 Фатима Бизақова - 1967 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Өзінің мамандығы бойынша жеке оқу орталықтарын ашқан. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы