Президент медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауды тапсырды

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев атап өткендей, еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті.

Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе, - деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес.

Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс, - деп тапсырды Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ отырыста Тоқаев әлеуметтік көмек кімдерге төлену керегін де айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы