«Президент дәрігерлердің үнін естіді»: Аймағамбетов кімнің жалақысы өсетінін айтты
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Президенттің алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жұмыс істейтін мамандардың жалақысын арттыру жөніндегі тапсырмасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша дәрігерлер бұған дейін де бірнеше рет мәселе көтерген. Бұл туралы депутат кулуарда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұл бастама ең алдымен пациенттермен тікелей жұмыс істейтін алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына қатысты.
Мемлекет басшысы 70 мыңнан астам дәрігерге қатысты шешім қабылданатынын айтты. Менің түсінуімше, бұл, ең алдымен, пациенттермен тікелей жұмыс істейтін мамандарға, яғни алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне қатысты, – деді депутат.
Оның айтуынша, бейінді дәрігерлерге де қатысты мәселелер бар. Оларға белгілі бір қосымша төлемдер қарастырылғанымен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жұмыс істейтін дәрігерлердің жағдайында шешімін күткен мәселелер аз емес.
Егер салыстырып қарайтын болсақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жұмыс істейтін дәрігерлерге қатысты үлкен мәселелер болды және әлі де бар. Дәрігерлер бұл туралы бұған дейін де айтып келген. Президент дәрігерлердің үнін естіді және бүгін тиісті тапсырма берді, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, қазір Құрылтайда келесі жылдың бюджет жобасы қаралып жатыр. Осыған байланысты тиісті түзетулер енгізіліп, көтерілген мәселелерді келер жылғы бюджет аясында шешуге мүмкіндік бар.
Еске сала кетейік, Президент Жолдауда алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін дамыту үшін жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы бағытты қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру қажет екеніне баса назар аударды. Тоқаев Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Сөзінше, бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.