Президент: Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ

Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Бұл туралы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек. Аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз. Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ, - деді Мемлекет басшысы. 

Тоқаевтың айтуынша, елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет. 

Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді, - деді Мемлекет басшысы Парламент сессиясының отырысында.

Еске сала кетейік осыған дейін Президент билікке ойы озық, білімді жастар келуі керектігін айтты. Сондай-ақ ол Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келгенін де атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы