Бүгiн 2026, 13:15 Фото: pexels.com

Попкорннан кейін жағдайы күрт нашарлаған: Алматыда ер адам кино көріп отырған сәтте көз жұмды

Киносеанс кезінде ер адамның жағдайы аяқ астынан нашарлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, полиция тексеріс бастады.

Алматыдағы сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі кинотеатрда 29 жастағы ер адам қайтыс болды. Болған оқиғаны Алматы қалалық Полиция департаменті растап, BAQ.KZ тілшісіне ресми түсініктеме берді.

Оқиға 17 мамыр күні киносеанс кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам попкорнға қақалып қалған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ол киноға бұрынғы сыныптас қызымен бірге келген. Сеанс басталар алдында попкорн сатып алған.

Әдеттегідей кино алдында попкорн алған. Кейін соған қақалып қалған. Дәретханаға барып, құсып келгеннен кейін “жеңілдеп қалдым” деген. Кейін залға кіргенімен, үнемі “тамағым жыбырлап тұр” деп айтқан. Бір кезде “жүрегім қысып барады” деп сырт киімін жанындағы адамға беріп, құлап қалған, – дейді туыстары.

Куәгерлердің сөзінше, оқиға орнында көрермендер мен кинотеатр қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасауға тырысқан. Сонымен қатар жедел жәрдем шақырылған.

Алайда куәгерлердің мәліметінше, сауда орталығының кезекші медицина қызметкері біраз уақыттан кейін келген. Ал жедел жәрдем шамамен 15-20 минутта жеткенімен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Аталған жағдай қоғамда қызу талқыланып, көпшілік адам көп жиналатын орындардағы шұғыл қызметтердің дайындығына қатысты мәселе көтерді.

Осы оқиғаға байланысты Алматы қаласы Полиция департаменті түсініктеме берді.

Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Арқалықтағы су айдындарының бірінен қыздың денесі табылғанын хабарладық.

Сондай-ақ, Жезқазғанда кәріз құдығын тазалау кезінде қайғылы жағдай болды. 1982 жылы туған жұмысшы оқиға орнында қаза тапты. Ал 1986 жылы туған екінші жұмысшы ауруханаға түсті.