Қазақстанда заңсыз декреттік төлем алмақ болғандар сотталды
Министрлік декреттік төлемге қатысты алаяқтық схемалармен күресті күшейтті.
Қазақстанда заңсыз декреттік төлем жасаумен айналысқандар сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде әлеуметтік төлемдер, оның ішінде, декреттік төлемдер де бар. Әлеуметтік сақтандыру қорында заңсыз декреттік төлем алуға қатысты істер қозғалды. Оның қазір 9-ына сот шешімі шықты. Мысалмен айтар болсақ, Ақтөбе облысында бір азамат 17 түрлі көзден төлемдер жүргізген. Осылайша, табысын 4 млн 300 мыңға дейін «көтерген». Бұл түсінікті ғой, «помогайкалар» істеп берген заттар екені. Біз ол барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жіберіп, сот шешімі шықты. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, біреуі – 6 жылға, біреуім – 5,5 жылға сотталды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, Ақтау қаласында да алаяқтықпен айналысып, декреттік төлем алғысы келгендер бас бостандығынан айырылған.
Сондай-ақ тағы бір мысал. Ақтау қаласында дәл сондай схема әшкереленді. Әр жеке кәсіпкерлерден төлем жасап,табысты 4 млн 200 мыңға жеткізген. Құқық қорғау органдарына хабарласып, қылмыстық іс қозғалды. Соттың шешімі де шықты. Олар сотталды. Алдағы уақытта әлеуметтік қордағы мұндай схемаларды жою үшін үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз, - деді Асқарбек Ертаев.
Бұған дейін жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастырып, миллиондаған теңге төлем алған схема әшкереленген.