Пластикалық ота қызықтары. Жыныс ауыстыру, сығыр көздер және еркектердің құштарлығы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы бейнесіне көңілі толмайтындар пластикалық процедураларды жасау үшін арнайы мамандарға жүгінеді. Қазір пластикалық ота жасату нарығындағы ахуалды білу үшін «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша жоғары білікті санатты дәрігер Айна Досанмен әңгімелестік.
Әдемілікке сапар
Айна Досан - бала кезінен дәрігерлікті аңсап, сүйікті ісін істеп жатқан мамандардың бірі.
8-9-сыныптарда Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы №161 мектеп-гимназиясының химия-биология сыныбына түстім. Сол кезде хирургия мамандығын таңдайтыныма көзім жетті. Орта білімнен кейін университет тәмамдаған кезімде де біздің елде пластикалық хирург мамандығын оқытатын оқу ордасы болмады. Шетелден білім алу керек болды, - дейді ол.
Пластикалық хирург 1998-2004 жылдары С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУдің емдеу факультетін үздік дипломмен бітіреді.
Одан кейін 2004-2005 жылдары Санкт-Петербург Медициналық академиясының дипломнан кейінгі білім беру бөлімінде «жалпы хирургия» мамандығы бойынша интернатурада білім алдым. 2005-2007 жылдары осы аталған білім ордасында «Болашақ» халықаралық стипендиясымен клиникалық ординатурада пластикалық хирургия мамандығымен оқуын жалғастырдым. 2007 жылы клиникалық ординатураны бітірген соң елге келіп, № 5 мемлекеттік клиникалық ауруханасының балалар бет-жақ сүйектері хирургиясы бөлімінде пластикалық хирург ретінде алғашқы еңбек жолымды бастадым, - дейді Айна Досан.
Дәрігер осы жерде 5 жыл қызмет етіп, көптеген балаға сәтті оталар жасаған.
Ресейде оқу кезінде пластикалық клиникаларға барып, тәжірибелерден өттік. Күйік бөлімінде біраз жыл біліктілік арттырдым. Бет-жақ онкология саласында да жұмыс істедім. Ол мен үшін үлкен тәжірибе болды. Елімізде жеке клиникаларда да пластикалық хирургия бойынша қызмет атқардым. Осы салада 17 жыл еңбек етіп жатырмын. Әлі де пластикалық хирургия бойынша білімді жетілдіріп келемін, - дейді ол.
Ота жасауға жүгінетіндер
Айна Досанның айтуынша, қазір пластикалық ота жасайтын дәрігерлер өте көп.
Арнайы маманданған білімі жоқ дәрігерлер косметикалық оталарды жасап жүр. Сондықтан бұл саладағы баға да әртүрлі болады. Сұлулық салондарында блефаропластиканы (қабақтың пішінін өзгерту операциясы) жасай беретінін де білеміз. Нағыз мамандар жұмыс істейтін дәрежесі жақсы клиникаларға барсаңыз, блефаропластиканың бағасы 200 мың теңгені құрайды, - дейді пластикалық хирург.
Маман атағандай, клиникаға көп жағдайда азияттық көз формасын өзгерткісі келетіндер келеді.
Көп қыз көздерінің ашық, қатпарлы болғанын қалайды. Келушілердің басым көпшілігі, әрине, әйелдер. Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын ер адамдардың пластикалық отаға жүгінетіндері кемде-кем еді. Жыл санап олардың саны көбейіп келе жатыр. Бастапқыда оларды әйелдері ертіп келетін еді. «Күйеуімнің қабағында артық терісі салбырап тұр, көзінің көруі нашарлады» деп шағымданатын. Төбелесте мұрны сынған ер адамдар ринопластикаға көп келеді. Бірақ соңғы кезде косметикалық ота жасауға, әдемілікке құштарлық ер адамдарда көбейді деп айта аламын, - деді пластикалық хирург.
Ер адамдардың құштарлығы
Айна Досан атағандай, 10 жыл бұрын адамдар көзіне ота жасатқанынан ұялатын.
Жасатса да, оның ер адамға арналмағанын айтып, жасыратын. Тек тыртықтарды алатын, күйіктен кейінгі теріні қалыпқа келтіру, мұрынның демалуы процесін қалпына келтіретін оталар үшін келетін. Ал қазір ер адамдар әдемі болу үшін келеді. Әжімдері мен терісінің салбырағанына көңілі толмайтынын айтады. Дегенмен бізге жүгінетіндердің 95 пайызы әйелдер,- дейді ол.
Пластикалық хирург Санкт-Петербургте оқып жүрген кезінде ер адамдар жынысын өзгерту үшін кеудесіне имплант салуға жүгінгендерін айтады.
Әйелдендіретін оталарға ер адамдар келгенде таңғалатын едім. Қазір ондайға таңғалмайтын болдық. Оған тек дәрігерлер ғана емес, қарапайым халық та таңданбайды деп ойлаймын. Біздің клиникада ондай ота жасалмайды. Оған сұраныс көп деп айта алмаймын. Дегенмен ара-тұра өтініш жасап келетіндер болады, - дейді Досан.
Пластикалық хирургияның атасы
Дәрігердің айтуынша, Азия және Таяу Шығыс, Еуропа елдері бойынша ең көп ота ажасалатын ел - Оңтүстік Корея.
Кореяда тұратын әрбір тұрғын баласына сыйлық ретінде пластикалық ота жасауды ұсынады. Оларда ота жасауға келгенде үрей мен қорқыныш болмайды. «Түскі ас үзілісі кезіндегі ота» деп атайды. Олар сол кезде келіп, ота жасап әрі қарай жөнімен жүре береді. Яғни, олар үшін бұл іс өте қарапайым болып есептеледі. Сондай-ақ Сеулге Жапония мен Қытайдан науқастар өте көп барады. Алыс шетелден келушілер де баршылық. Онда медициналық туризмді мемлекет өзі қолдап, дамуына көмектеседі. Медициналық туризмнің қарқынды дамыған бағыты пластикалық ота болып саналады, - деді ол.
Келбетін өзгерткендердің өмірі өзгереді
Маман айтқандай, Қазақстан бұл орайда Кореямен бәсекеге түсе алмайды.
Дегенмен сала дамып келеді. Бұрын пластикалық ота жасатсаң, түрің өзгеріп кетеді екен. Имплант салғандар ұшақпен ұша алмайды екен деген аңыздар болды. Қазір ондай мифтер сейілді. Қазір әр жанұяда біреудің әріптесі, досы пластикалық отаға жүгінген танысы бар. Ота жасау нашар дүние емес екенін түсінеді. Осыдан 10 жыл бұрынғы көзқарасқа қарағанда әлдеқайда дұрысталды. Қазір күйеулерінің өздері әйелдеріне пластикалық ота жасауға кеңес беріп жатады. Ол босанудан кейін салбыраған іш пен кеудеге қатысты болуы мүмкін. Жолдастары қаржылық қолдаудан бөлек, моральдік тұрғыда қолдап клиникаға алып келеді, - дейді пластикалық хирург.
Оның айтуынша, Қазақстанда пластикалық ота жасайтын дәрігерлердің саны көбейген.
Олардың біліктілігі мен тәжірибесі де біраз артты. Бұрындары ота жасату үшін азаматтар Сеул мен Ресейге ұшып баратын. Қазір біздің елдегі мамандар да тәжірибелі, өздері жасап бере алады. Кореяда бар аппараттар бізде де бар. Ешкімнен озып кетпесек те, артта қалып бара жатырмыз деп айта алмаймын, - дейді Айна Досан.
Пластикалық хирургтың айтуынша, пластика жасап, келбетін өзгерткен адамдардың өзіне деген сенімділігі артады.
Соған байланысты ойлаған істері орындалып, көп науқастарымыздың өмірі жақсы жаққа өзгерді деп айтсам қателеспеймін, - дейді ол.