Бүгiн 2026, 13:17 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Миллиардтар айналған "ажал нарығы": Пластикалық хирургия кімнің бақылауында?

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пластикалық хирургия клиникаларын жаппай тексеруді талап етті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асылов атына депутаттық сауал жолдап, пластикалық хирургия және эстетикалық медицина саласындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Ақтау мен Алматы қалаларында липосакциядан кейін пациенттердің қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырған.

Бұл енді жекелеген оқиға ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігі, медициналық қызмет сапасы және мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мәселесіне айналды, – деді Ерлан Саиров.

Ол Мәжіліс депутаттары 2024 жылы-ақ заңсыз медициналық қызмет, жалған дәрігерлер және пластикалық хирургия саласындағы бақылаудың әлсіздігі мәселесін көтергенін еске салды.

Саировтың мәліметінше, сол кезде Үкімет те бұл салада күрделі заңбұзушылықтар барын мойындаған.

Ресми дерекке сәйкес:

  • тек 2023 жылдың өзінде заңсыз медициналық қызмет үшін 674 әкімшілік хаттама толтырылған;
  • сапасыз косметологиялық және пластикалық процедураларға қатысты шағымдар саны екі есеге жуық өскен;
  • тексерілген жағдайлардың 60 пайыздан астамында заңбұзушылық анықталған.

Депутат қазіргі таңда Қазақстанда пластикалық хирургиямен шамамен 260 медициналық ұйым айналысатынын айтты.

Оның сөзінше, эстетикалық медицина нарығы ондаған миллиард теңгеге жеткен.

Әдемі жарнаманың, “жылдам нәтиже” уәдесінің артында өрескел заңбұзушылықтар мен адам өміріне салғырт қарау тұр, – деді Саиров.

Сонымен қатар депутат кей медициналық ұйымдардың заңбұзушылық анықталғаннан кейін жаңа ЖШС арқылы жұмысын жалғастырып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Атауы өзгереді, жаңа ЖШС тіркеледі, бірақ мекенжайы, ғимараты мен қызметкерлері сол күйі қалады, – деді ол.

Саиров липосакция қарапайым косметологиялық процедура ретінде жарнамаланғанымен, шын мәнінде ауыр асқыну қаупі бар толыққанды хирургиялық операция екенін айтты.

Ол тромбоэмболия, май эмболиясы және анафилактикалық шок секілді ауыр салдар болуы мүмкін екенін еске салды.

Мүмкін сұлулық құрбандықты қажет ететін шығар, бірақ ол адам өміріне тұрмауы керек, – деді депутат.

Осыған байланысты Ерлан Саиров бірнеше ұсыныс айтты.

Атап айтқанда:

  • пластикалық хирургия және эстетикалық медицина қызметін көрсететін жеке клиникаларды кешенді тексеру;
  • лицензия беру тәртібін күшейту;
  • заңбұзушылықтан кейін жаңа заңды тұлға арқылы қайта ашылуға бақылау енгізу;
  • эстетикалық операциялардан кейінгі асқынулар мен өлім статистикасын ашық жариялау;
  • әлеуметтік желілердегі жарнамаға бақылауды күшейту ұсынылды.

Сондай-ақ депутат Бас прокуратурадан пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникаларға ауқымды тексеру жүргізуді сұрады.

Еске салсақ, Алматыда танымал блогер пластикалық отадан кейін қайтыс болған еді. Ал Ақтаудағы жекеменшік клиникалардың бірінде жасалған операциядан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты көз жұмды.