Жайқалтып жуа еккен дүнгендер биыл егіс алқабын 2000 гектарға жеткізді
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбылда көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Бұл маусымдық жұмыстан шалғайдағы Шу ауданының шаруалары да қалыс қалмай, егіс жұмыстарының бір бөлігін аяқтап қойған.
Айта кету керек, мұнда жергілікті шаруалардан бөлек, көршілес Қордай ауданынан келген дүнген ұлтының өкілдері де егін егеді. Көкөніс егуді күнкөріс көзіне айналдырған дүнген ағайындар Шудағы егістік көлемін жылдан жылға арттырып келеді. Мәселен, өткен жылы Шуға 500-ге жуық дүнген отбасы келіп, ала-жаздай еңбек еткен болса, биыл 1500 отбасы келіпті. Баптай білсе жер-ананың жомарт екеніне әбден көз жеткізген дүнгендер өткен жылы 2000 гектар жерге пияз еккен. Дүнген отбасыларының көшін бастап келген Лугмар Сандуров егіс жұмыстары енді ғана қарқын ала бастағанын айтады.
Қордайдан келген 1500 отбасы Шу ауданындағы Белбасар, Жаңа жол, Бірлікүстем, Қонаев, Көктөбе және Далақайнар сынды егістікке ыңғайлы бірқатар ауылдық округтерде 6 мың гектарға дейін пияз егуде. Өткен жылғы егістік көлемі едәуір аз болатын. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген қамқорлықтың арқасында биылғы егістік көлемі бірнеше есеге дейін артып отыр. Өз басым Ескі Шу ауылдық округінен 150 гектар жер алдым. Қазіргі кезде алқапта 20-дан аса техника тынбай жұмыс істеуде, - дейді шаруа.
Дүнгендер дәл қазіргі таңда шамамен егіннің 25-30 пайызын егіп үлгерген. Сәтін салса, алдағы 2-3 аптада егіс науқанын толығымен аяқтауды жоспарлап отырған көрінеді. Жоспар бойынша әр гектардан 80 тонна өнім шығуы тиіс. Олар тамыз айындағы жиын-терін жұмыстарынан кейін өнімнің бір бөлігін сатып, қалғанын қысқа сақтап қояды екен. Ол үшін сыйымдылығы 500-800 тоннаға арналған арнайы қоймаларды да әзірлеп қойыпты.
Жалпы, пияз өсіруде әр маусым әркелкі келеді. Нарықта қандай баға қалыптасатынын да дәл болжау қиын. Сондықтан кейбір шаруалар шатқаяқтаған нарық бағасынан қорқып, бұл көкөністі өсіруге жүрексініп жатады. Алайда, еңбекқор дүнген халқы жуа өсіруді жылдан жылға мықтап қолға алуда. Әлбетте, лайықты өнім алу үшін агротехникалық жұмыстарды рет-ретімен, өз орнымен бұлжытпай орындау қажет. Сонда ғана мол өнімге шығынсыз жетуге болады.
Шудағы жергілікті халықтың дүнгендерден пияз егудің соны әдісін меңгергенін байқауға болады. Шулық шаруалар жуа егудің әдістерін, әсіресе тұқым таңдауды дәл осы дүнгендерден үйренгенін айтады. Айгер Диншанло есімді дүнген ұлтының өкілі топырақ қыртысы мен әркелкі ауа райында тұқымның құрғақшылыққа, ауа райының күрт құбылуы немесе зиянкестер мен түрлі ауруларға төзімділігін ескеру қажет екенін жеткізді.
Ең алдымен тұқымның сапасына және одан мол өнім алу мен ұзақ сақталу қасиетіне ерекше назар аудару қажет. Біз пияздың «Манас», «Каоба» және «Лион» сынды тұқымдарын алдық. Олардың ерекшелігі – 90-95 күнде пісіп, нарыққа өзгелерден ерте шығып, жоғары бағада ұсынылады. Өнімі мол шығып, құрғақшылық пен аптап ыстыққа төзімді болғандықтан, пияздың бұл түрлері біздің көңілімізден шығып отыр. Сонымен бірге 110-115 күнде пісетін «Каоба» тұқымы он жылдан бері Қазақстанда егілетін өзге пияздарды біртіндеп нарықтан ығыстырып жүргенін де айта кету керек. Ал «Манас» тұқымы қыс бойы сақтағанға ыңғайлы. Жалпы алғанда, пияздың үш түрі де үлкен немесе ұсақ болып кетпей, біркелкі өседі, - дейді ол.Лугмар Сандуровтың айтуынша, егіннің бітік шығуы тыңайтқыштар мен ағын суға тікелей байланысты екен. Оның өзін рет-ретімен қолданбаса, мол өнім алуың екіталай көрінеді.
Біздің жеріміз Тасөткел су қоймасынан бөлінген магистралды каналдың оң жағажайында орналасқан. Аталған каналдың жағасына қуатты су сорғыш орнатып, сол арқылы тамшылатып суару әдісін қолданып отырмыз. Тамшылатып суару пияз үшін өте тиімді болғанымен, шаруа адамы үшін бейнеті көп жұмыс екенін біреу білсе, біреу білмес. Мысалы, тамшылатып суару үшін арнайы құрылғылар қажет. Оның барлығын Шымкент қаласынан аламыз. Әр қаптамада ұзындығы 2 500 метр болатын шлангтар бар. Оның әр метрін 13 теңгеден сатып аламыз. Ал 80 гектарға шамамен 450 қаптама кетеді. Оның әрқайсысын жеке-жеке орнатудың өзі қол күшімен жүргізілетіндіктен, үлкен шыдамдылықты талап етеді, - дейді Сандуров.Барлық жабдықтары орнатылғаннан кейін, үш айдың ішінде шамамен 12-13 рет суарады екен алқапты. Сонымен қатар, пияздың өнімділігі мен сапасын арттыру үшін қымбат болса да ресейлік селитраны пайдаланады. Ал Жамбыл облысы аумағынан шығатын селитраның майлылығы жоғары болғандықтан, оны диқандардың басым бөлігі ала бермейтін сияқты.
Тағы бір айта кетерлігі, өнімнің басым бөлігін қыстың күні саудаға шығарамыз. Оған дейін Қордай ауданында орналасқан қоймаларда сақтаймыз. Мәселен, өткен жылы қыс айларында 5000 тонна пияз саттық. Дайын өнімді еліміздің барлық өңіріне тасимыз. Әсіресе, солтүстік және шығыс аймақтарда жуа жақсы өтеді. Сонымен бірге ала жаздай жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмысқа тартып, еңбекақыларын күнделікті береміз. Дәлірек айтсақ, әр қапталған қапқа 80 теңгеден төленеді. Күніне қанша табатыны жұмысшының өзіне байланысты, - деді дүнген шаруасы.
Шынын айту керек, таң атқаннан қас қарайғанға дейін бел жазбай еңбек етуден шаршамайтын дүнген ұлтының еңбекқорлығына таңғалмасқа шараң жоқ. Бүгінде дүнген ағайынға қарап бой түзеп, қыр төсіндегі қарбалақа қазекең де мықтап кірісе бастады. Тынымсыз еңбектің арқасында егіннің тайқазанын тасытып отырған осындай шаруалар қазірдің өзінде қыруар жұмыс атқарып үлгерген. Жауапты науқанды жан-жақты дайындықпен бастаған шаруалар алдағы уақытта да ширақтық танытып, жоспарлы межеге қол жеткізеді деген сенімдеміз.