Перуашев: Салық кодексіне ұсыныстарымызды қайта пысықтаймыз
Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қаңтардан күшіне енген Салық кодексіне, қажет болған жағдайда, түзетулер енгізу керегін айтқан болатын. “Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Президенттің бұл сөзі партия мүшелеріне қуаныш сыйлағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Ақ жол” партиясы Cалық кодексін талқыған кезінде бірден бірнеше мәселе бойынша қарсы дауыс бердік. Бірінші оқылымда да, екінші оқылымда да, Сенаттан қайтып келген кезде де қарсы дауыс бердік. Өкінішке қарай, басқа фракциялар бізді қолдаған жоқ, Салық кодексін қолдады. Сол себептен кодекс қабылданды, - деді Перуашев.
Депутаттың сөзінше, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге назар аударғанын атап өтті.
Күні кеше Қызылордада өткен құрылтайда Президент Тоқаев өзі бұл мәселеге назар аударып, Үкіметке осы Салық кодексін қайтадан қарастыруға тапсырмасын берді. Яғни ол кәсіпкерлерден наразылық болып, ұсыныстар түсіп жатқанын айтты. Сол себептен Үкіметке ұсыныстарды қайтадан қарастырып, тиісті шешімді қабылдауды тапсырды. Біз соған өте қуаныштымыз. Былтыр Салық кодексін қарастырған кезде біздің жүзден астам ұсынысымызды қабылдамады. Сол ұсыныстарымызды қайтадан пысықтап, қайтадан Үкіметке жібереміз деп жоспарлап отырмыз, - деді Мәжілісінің депутаты.