Перизат Қайраттың тәркіленген мүлкі қайда кетті?
Жиналған қайырымдылық қаражатына сатып алынған автокөліктер, пәтерлер, зергерлік бұйымдар тәркіленген.
Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталған Перизат Қайраттың тәркіленген мүлкі мемлекет меншігіне өтеді және белгіленген рәсім бойынша бөлінеді. Бұл туралы Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот шешімінен кейін атқару парағы сот орындаушысына жіберіледі. Ол атқарушылық іс қозғап, тексеру жүргізеді және мүліктің тізімдемесін жасайды. Кейін активтер есепке алу, сақтау, бағалау және әрі қарай пайдалану үшін уәкілетті органға беріледі.
Мүлік қалай бөлінеді?
Ведомствоның түсіндіруінше, тәркіленген активтер ең алдымен e-qazyna.kz порталы арқылы мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылады. Егер бірнеше өтінім түссе, барлық критерийлерге сәйкес келетін және бірінші болып өтінім берген тарапқа басымдық беріледі.
Бұл ретте мүлікке деген нақты қажеттілік, оны нысаналы пайдалану мүмкіндігі және оны күтіп ұстауға қаражаттың болуы ескеріледі. Егер мүлікке ешкім сұраныс бермесе, ол сауда-саттыққа шығарылады.
Сауда-саттық қалай өтеді?
Сату кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: алдымен бағаны көтеру әдісімен, содан кейін қажет болған жағдайда бағаны түсіру әдісімен. Минималды құн бастапқы бағаның 70%-ынан 30%-ына дейін, ал келесі кезеңдерде кепілдік жарна деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін.
Автокөліктер қайда берілді?
Департамент мәліметінше, Перизат Қайраттың ісі бойынша үш автокөлік есепке алынған: Lexus LX600, Mercedes-Benz S450 және Haval H6 GT.
Нәтижесінде:
Lexus LX600 – Қаржылық мониторинг агенттігінің теңгеріміне (балансына) берілді;
Mercedes-Benz S450 және Haval H6 GT – Астана қалалық Полиция департаментіне берілді.
Мүлікті өткізу уәкілетті органдардың хаттамалары мен бұйрықтары негізінде ресімделген.
Қандай органдар қатысады?
Бүкіл процесті ұйымдастыруды Мемлекеттік мүлік департаменті қамтамасыз етеді. Шешімдер «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң, сондай-ақ активтерді есепке алу, сату және берудің тиісті ережелері негізінде қабылданады.
Осылайша, тәркіленген мүлік «иесіз» қалмайды, ол мемлекеттік құрылымдардың пайдасына қайта бөлінеді немесе белгіленген тәртіппен сауда-саттық арқылы сатылады.
Еске салайық, 2025 жылғы 24 қыркүйекте Перизат Қайрат пен оның анасының ісі сотта қайта қаралды.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға шыққан үкім апелляциялық сатыда қаралып жатқан сот отырысында сотталушы тараптың адвокаты Асланбек Дәулетияров бірінші сатыдағы үкімнің күшін жоюды, сонымен қатар тәркіленген зергерлік бұйымдар мен қымбат заттарды айғақ ретінде есепке алмауды сұрады.
Сот отырысында блогер Олжас Садық сотталушының адвокаты Асланбек Дәулетияровтың айтқан сөзін жоққа шығарып, Перизат Қайрат бренд заттарын Дубайда оның көзінше сатып алғанын алға тартты.
Сондай-ақ, түрмеде Перизат Қайраттың қандай жұмыс істеп жүргені белгілі болды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қайырымдылық пен волонтерлік: қоғамның жүрек соғысы ма, әлде формальды іс пе?
Алматыда қайырымдылық қорының басшысы жасөспірімге базарда ақша жинатқан
Көшеде балаларды ақша жинауға тартқан "қайырымдылық" қорлары анықталды