Перизат Қайрат пен танымал блогерлер рақымшылыққа іліне ме?
Министрлік резонансты істерге қатысты рақымшылықтың қандай жағдайда қолданылатынын түсіндірді.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі қоғамда қызу талқыланып жатқан резонансты қылмыстық істердің фигуранттарына рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер блогерлер мен инфлюенсерлерге, сондай-ақ қоғам назарындағы өзге де істер бойынша сотталған азаматтарға рақымшылықтың таралу мүмкіндігін сұрады.
ІІМ ресми өкілі Санжар Әділовтың айтуынша, мұндай мәселелерді қарастырғанда қылмыстың санаты мен келтірілген залалдың өтелуі негізгі рөл атқарады.
Бұл сұрақты екі бөлікке бөліп қарау керек. Рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстарға қолданылады. Сіз айтып отырған істер орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады, – деді Әділов.
Алайда ол мұндай санаттағы істер бойынша рақымшылық қолдану үшін міндетті шарт бар екенін атап өтті.
Залал толық өтелмесе, рақымшылық берілмейді
ІІМ өкілінің сөзінше, орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша рақымшылық жасау үшін келтірілген материалдық залал толық өтелуі қажет.
Бұл істердің барлығында келтірілген залал бар. Қазіргі таңда ол өтелмеген. Сондықтан жазадан босату немесе қылмыстық жауаптылықтан босату түріндегі рақымшылық қолданылмайды, – деді Санжар Әділов.
Осылайша министрлік өкілі Перизат Қайрат пен өзге де осындай істердің фигуранттары келтірілген шығынды толық өтемейінше рақымшылыққа іліге алмайтынын мәлімдеді.
ІІМ мас күйде көлік жүргізгендерге жеңілдік жасауға қарсы
Мәжіліс отырысында Ішкі істер министрлігі мас немесе есірткілік масаң күйде көлік жүргізген жүргізушілерге қатысты жазаны жеңілдету мәселесіне де пікір білдірді.
ІІМ бұл бағыттағы ұстанымының өзгермейтінін жеткізді.
Ішкі істер министрлігінің ұстанымы өзгермейді. Мұндай құқық бұзушыларға қандай да бір жеңілдіктер жасауға болмайды, – деді министрдің орынбасары Санжар Әділов.
Ведомствоның мәліметінше, мас күйде көлік жүргізу азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Сондықтан ІІМ жүргізушілердің бұл санатына қатысты жауапкершілікті жеңілдетуге қарсы екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін рақымшылық бойынша айыппұлы кешірілгенін қазақстандықтар қалай біле алатыны туралы хабарладық. Әкімшілік рақымшылық тек айыппұлдарға қолданылады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда рақымшылық жарияланады: Кім босатылады, кімге кешірім жоқ?