Педагогтерге қатысты жаңа заң: Мұғалімдерге артық есеп жүктеуге тыйым салынады
Жаңа заңда мұғалімдердің жауапкершілігі, есеп беру тәртібі және мектептегі гаджет қолдану ережелері нақтыланған.
Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай мұғалімдер оқушылар үшін тек жұмыс уақытында жауап береді.
Құжаттағы өзгерістер мұғалімдердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Заңда педагог пен білім беру ұйымының басшылығы оқушылар үшін тек кәсіби қызметін атқару және лауазымдық міндетін орындау кезінде ғана жауапты болатыны нақты көрсетіледі.
Мұғалімдерден білім саласындағы заңнамада қарастырылмаған есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынады.
Құжаттарды бір уақытта қағаз және электронды форматта жүргізуді міндеттегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі оқушылардың гаджет қолдану тәртібін бекіту құзыреті беріледі.
Сабақ кезінде мобильді құрылғылар дыбыссыз режимде болуы тиіс және мұғалімнің рұқсатынсыз қолданылмайды.
Заңда білім беру ұйымының педагогі және (немесе) басшысы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты болған оқиғалар үшін тек қана кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезеңінде, оның ішінде білім беру процесіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау кезінде жауапты болатыны нақтыланады. Педагог мәртебесін қосымша қорғау мақсатында мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарын кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезеңінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға шектеулерді кеңейту көзделеді, - деп атап өтті сенатор Талғат Жүнісов.
Сондай-ақ заңға сәйкес, бақылау жұмыстары мен емтихан кезінде телефон пайдалануға толық тыйым салынады. Тек жекелеген жағдайда мұғалімнің шешімімен рұқсат берілуі мүмкін.
Смартфондарды тек оқу мақсатында – цифрлық платформалармен жұмыс істеу, жобалар әзірлеу және тапсырмалар орындау үшін пайдалануға болады.
Әкімдіктер өңірлік деңгейде жеңімпаз атанған оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар мен республикалық ғылыми жоба байқауларына қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай іс-шаралардың тізімін білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Сонымен қатар заң аясында шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметі реттеліп, медициналық кадр даярлау жүйесіне қатысты түзетулер енгізілді.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты мектептерде оқушылардың ұялы телефон пайдалануына толық тыйым салу мәселесін көтерген еді.
Сондай-ақ, мектептерде смартфонды қолдануға шектеу енгізілетіні айтылды.