Педагогтерді аттестаттау жүйесіне қандай өзгеріс енгізіледі

Қоғамда педагогтерді аттестаттауға қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Осыны ескере отырып аттестация жүйесіне өзгерістер енгізіліп, жетілдіріледі. Жүйе қалай өзгереді? Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2023 жылғы 29 наурызда сегізінші шақырылымда сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент «Педагогтерді аттестаттауды өткізу рәсімін жетілдіру» бойынша тапсырма берген болатын.

Тапсырманы орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі бірқатар жұмыс жүргізді. Педагогтерді аттестаттаудың жаңа қағидаларын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Биыл мамыр айынан бастап жұмыс тобы білім берудің барлық деңгейі мен педагогикалық лауазымдардың ерекшелігін анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде әр біліктілік санат үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері жасалды.

Қазіргі уақытта «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгерістер енгізілу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен келісіліп жатыр.

Жаңа ереженің айырмашылығы неде?

Қаныбек Жұмашев қазіргі қолданыстағы аттестаттау рәсімімен әзірленіп жатқан жаңа Аттестаттау ережесіне тоқталып, айырмашылықтары жайлы түсіндіріп берді.

Жаңа ереже бойынша аттестаттаудың мақсаты – педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету.

Бұрынғы жүйе бойынша педагогтер қағаз/электронды форматта 11 құжат жинайтын болса, жаңа жүйе бойынша педагогтер құжат жинап қиналмайды, құжат өзі автоматты түрде жинақталады. Сонымен қатар құжаттарды қарау мерзімі қысқарады, бұрын 6 айға дейін созылатын процесс, қазір автоматты түрде қалыптасады, - деді комитет басшысы.

Жаңа ереженің басты ерекшелігі - аттестаттау процесін автоматтандыру, яғни бірыңғай ақпараттық жүйені құру. Педагогтің жеке құжаттары мен оның біліктілік деңгейін анықтайтын қысқа мерзімде қорытындылайтын ақпараттық жүйеде тиісті материалдар автоматты түрде жинақталып, талданады. Бұл адами факторды толығымен шектейді, аттестаттау рәсімінде объективтілік пен ашықтықты орнатуға ықпал етеді.

Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес педагог қызметінің жоғары кәсібилігі мен табыстылығы оқушылардың жетістіктерімен тікелей байланысты болады. Аттестаттауды тестілеу рәсімін жетілдіру, біліктілік санатына байланысты жоғары, орта, төмен деңгейдегі тапсырмалардың пайыздық арақатынасын кезең-кезеңімен арттыра отырып, педагогтердің пәндік білімін бағалау жоспарланып отыр, - деп айтты Орта білім беру комитетінің төрағасы.

Аттестация: Қағазбастылық жойылады

Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасында педагогтер тәжірибесінің жетістіктерін қалыптастыру (педагогтің қатысуынсыз) әзірленді.

Деректер базасымен интеграциялау арқылы платформада педагогтердің материалдары жүйелі түрде қалыптасады. Педагог платформадағы жеке кабинеті арқылы өтінішті өз бетінше береді. Тағы бір тоқтала кететін өзгеріс - педагог тек пән бойынша тест тапсырады. Тесттен әдістеме мен педагогиканы білуге арналған сұрақтар алынып тасталады, өйткені осы бағыттағы сұрақтар мұғалімнің педагогикалық шеберлігінің деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік бермейді. Мұғалімнің әдістемені қаншалықты меңгергенін анықтау үшін жалпы мұғалімнің сабағы мен педагогикалық практикасын бағалау критерийлері жасалды, - деді ол.

Қаныбек Жұмашевтың сөзінше, жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес педагог қызметінің жоғары кәсібилігі мен табыстылығы оқушылардың жетістіктерімен тікелей байланысты болады.

Педагог бейінінде мәліметтер Ұлттық білім беру деректер қорынан және т.б. барлық белгілі деректер базаларынан автоматты түрде жинақталады. Педагогтердің негізгі бейінінде: жеке мәліметтер, Оқыту сапасының мониторингін, Тәжірибені бақылау, Білім алушылардың жетістіктерін, педагогтің жетістігін, үздік педагогикалық тәжірибелері жайлы көруге болады, - деп атап өтті комитет басшысы.

Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасында педагогтерге белсенділігі немесе белсенді емес екендігі бойынша ескертпелер келіп тұрады. Бұл өз кезегінде әрбір педагогтің жеке жауапкершілікті сезіндіреді және ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл да педагогті қағазбастылықтан арылтады.

Жаңа ереже қашан іске қосылады?

Барлық өңірде «Өрлеу» БАҰО АҚ аймақтағы филиал қызметкерлері мен әдістемелік орталық мамандарымен бірге басшылармен, орынбасарлармен және педагогтермен кең ауқымда талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазан айында жаңа ережені талқылау жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен, ұйымдармен келісімнен өткен соң, қараша айында министрдің бұйрығымен жаңа ереже бекітіледі. Платформаны техникалық жасақтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың қаңтар айында ШҚО, БҚО, СҚО, Түркістан облыстарында пилоттық режимде платформа іске қосылады. Пилоттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша платформаның республика көлемінде енгізуге дайындығы қамтамасыз етіледі, - деп айтты Қаныбек Жұмашев.

Педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесінің жобасын әрбір мұғаліммен мұқият талқылап, оның артықшылықтарын жеткізу барлық әдістемелік орталықтардың, білім бөлімдерінің, білім басқармаларының және министрліктің ортақ міндеті.

5 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет екенін айтқан болатын.

Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазір таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады. Жалпы, педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет, - деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы