Павлодарлық оқушылар заманауи жасыл технологияларды меңгеруде
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің оқушылары заманауи жасыл технологияларды меңгеріп, ауыл шаруашылығы саласының негізгі үрдістерімен таныса алады.
Жаңа үйірме облыс орталығындағы оқушылар сарайының жанынан ашылды. «Био грин» үйірмесіне қазіргі уақытта 30-ға жуық бала барып жүр.
Биология ғылымдарының магистрі Айгерім Оразбаеваның айтуынша, авторлық жоба өткен жылдың қыркүйегінен бері жүзеге асырылуда. Арнайы кабинет гидропонды қондырғы, тұқымдар коллекциясы, сандық зертхана, аквапоника құрылғылары және өзге де құрылғылармен жабдықталған.
Балалар заманауи технологияларды емін-еркін меңгеріп алды. Ең бастысы, қоршаған ортаны аялап, тазалықта ұстауға тәрбиеленеді. Экологиялық үйірмеде оқушылар кей технологияларды теория жүзінде ғана емес, тәжірибе түрінде де білетін болады. Сабаққа келгенде біз табиғат құбылыстарын бақылай аламыз, ауа құрамындағы зиянды заттардың мөлшерін өлшей аламыз. Заман талаптарына сай сандық зертханамыз бар. Авторлық жоба екі жылға шақталған. Алғашқы жылы оқушылар бақылау жүргізсе, екінші жылы ғылыми жоба жазуға кірісеміз. Қызығушылық бар. Бұл қуантады, - дейді Айгерім Оразбаева.
Оқушылар ақуымы соңғы бірнеше айда экологиялық ережелердің қарапайым түрлерін меңгерген. Мәселен, қоқыс түрлерін сұрыптап, өсімдіктерді топырақсыз өсіруді үйренді. Аквапоника және гидропоника технологиясын толық игеріп, үйірме кабинетінде өсімдік өсіріп жатыр. Сонымен қатар, баламалы энергия көздерін өндіруге мүмкіндік беретін тұқымдар коллекциясын зерттеп жатыр.
Балалар микроөсімдіктердің шағын жылыжайын жасап үлгерді. Аскөк, салат жапырақтары, пияз сияқты өсімдіктерді топырақсыз-ақ өсіріп жатыр. Топырақты өңдеп, биогумус тыңайтқышын жасауды да үйренді. Ол үшін кабинетімізде калифорниялық қызыл құрттар бар. Аквапоника әдісін үйрену үшін аквариумдық балықтарды өсіреміз, - дейді Айгерім Оразбаева.
Қазіргі уақытта балалар 25 сынақ түрін жүргізу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, заманауи зертханада ауадағы оттегі мен көмірқышқыл газының мөлшері, электромагниттік сәулелену деңгейі, ауа ағынының жылдамдығы сияқты 22 көрсеткішті бақылай алады.