Павлодардағы ұшақ апаты: Аман қалған ұшқыштың жағдайы белгілі болды
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен ұшқыш жансақтау бөліміне жеткізіліп, толық көлемде ем қабылдап жатыр.
Павлодар облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағынан аман қалған ұшқыштың жағдайы туралы дәрігерлер мәлімет берді.
1998 жылы туған науқас Апаттар медицинасы орталығының бортымен Железин аудандық ауруханасынан Павлодар қалалық №1 ауруханасының политравма бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта диагностикалық тексерулер жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау басқармасы.
Кейін дәрігерлер зардап шеккен азаматтың Павлодар қалалық №1 ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне «политравма» диагнозымен түскенін нақтылады.
Науқасқа толық көлемде қажетті ем көрсетіліп жатыр. Оның жағдайы тұрақты бақылауда, – деді ведомство өкілдері.
Еске салайық, 27 мамыр күні таңертең Павлодар облысында Ан-2 жеңіл көпмақсатты ұшағы апатқа ұшырады. Бортта экипаждың екі мүшесі болған. Бір ұшқыш қаза тауып, екіншісі аман қалған. Ол шұғыл түрде Павлодарға жеткізілді.