Павлодарда қоғамдық этнографиялық музей ашылды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында қоғамдық этнографиялық музей ашылды. Рухани азық ордасының жәдігерлерін жинауға жергілікті тұрғындар мен саяхатшылар атсалысты.
Бүгінде Павлодар география үйінің жанындағы этнографиялық музей қорында 200-ден астам жәдігер бар. Олардың қатарныда 18-19 ғасырларда пайдаланылған тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар, еңбек құралдары, киім-кешек, еңбек құралдары мен түрлі ұлттардың музыкалық аспаптары бар. Экспонаттардың барлығын павлодарлықтар жинаған.
Этнограф-ғалым Еңлік Әбеуованың айтуынша, музейдің өз ерекшелігі мен бірегейлігі бар.
Павлодар география үйінің мүшелері бірнеше жыл бойы облыстың қала-ауылдарын аралап, этнографиялық материал жинады. Бұл музей – сол экспедциялардың нәтижесі. Жәдігерлер бірегей, себебі, өзіміздің өңірімізге тиесілі. Қоғамдық ұйым өкілдері тиянықты жұмыс атқарған. Музейлендіру жұмысына асқана жауапкершілік және ыждахаттылықпен қараған, - дейді Еңлік Әбеуова.
Музей тұрақты экспозициясы бар көрме залынан құралған. Сегіз бөлім бар. Жүздеген көне және заманауи этникалық бұйымдар елімізде тұратын этностардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін көрсетеді.
Біз алдымен жәдігерлер қорын жинадық. Кейін ғимарат іздедік. Мемлекет тарапынан да, тұрғындар мен демеушілер тарапынан қолдау таптық. Мүшелеріміз экспозицияларда болып, мол материал жинады. Ал саяхатшыларымыз алыс-жақын шетелден түрлі жәдігерлерді сыйға тартты. Қорда Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Болгария, Греция, Норвегия, тіпті, Африка елдерінің халықтарына тиесілі экспонаттар жинақталған. Олардың барлығы ұлттық өнер, дәстүрлер туралы ақпарат береді, - дейді Павлодар география ұйымының жетекшісі Александр Вервекин.
Өткен жылы қоғамдық бірлестіктің белсендідері жеті рет экспедицияға шыққан. Олар Павлодар ауданының Заря, Новочерноярка, Ефремовка, Успен ауданының Қозыкеткен, Ақсу ауылдық аймағының Сарышығанақ және Аққулы ауданының Қарақала және Тереңкөл ауылдарының халқымен кездесті. Экспедиция барысында көне салт-дәстүрлер, елді мекеннің тарихы туралы мол мағлұмат жиналды.
Музей ақылы түрде жұмыс істейді. Бірақ, арнайы тариф белгіленбеген. Кез келген тұрғын музей жұмысына өз еркімен баға бере алады. Жиналған қаражат рухани азық ордасының қажеттіліктеріне жұмсалады.