Павлодарда медицинадағы сорақылық: Ер адамдарға "гинеколог қызметі" көрсетілген, өлі адамдар "емделген"
Павлодарда прокурорлар медициналық қызмет көрсету саласындағы өрескел заңбұзушылықтарды анықтады: қайтыс болғандарға қызмет көрсетілген, ер адамдар гинекологқа "қаралған", мемлекетке ондаған млн теңге залал келген.
Павлодар қаласының прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың бюджет қаражаты мен активтерінің жұмсалуына жүргізілген тексеру барысында жалған қызмет көрсету фактілерін анықтады.
Мысалы, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог және басқа да тар бейінді мамандардың қабылдаулары қайтыс болған адамдарға, акушер-гинеколог дәрігердің консультациялары ер адамдарға «көрсетілген». Емдеу қызметтерін қайталау арқылы қосарланған төлем жасау жағдайлары тіркелді, - деп хабарлады қалалық прокуратура.
Сондай-ақ тиісті маман сертификаттарымен рұқсат құжаттары жоқ тұлғалардың халыққа медициналық көмек көрсеткені анықталды.
Қадағалау актілері бойынша заңбұзушылықтарды жою, рұқсат беру құжаттарын алу және кінәлі тұлғаларды заңнамада белгіленген жауаптылыққа тарту жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде 100 млн теңгеден астам сомаға келтірілген залалдың өтелуі қамтамасыз етілді.
Сот қарауында медицина саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру арқылы 62 млн теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты жымқыру және 41 млн теңге көлемінде мемлекетке залал келтіру фактілері бойынша екі қылмыстық іс бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов конституциялық реформа аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, медицинаға бөлінген әр теңге нақты пациентке жетуі тиіс екенін айтқан еді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Ақтөбеде лицензиясыз "ломбард" халықты 12 есе жоғары пайызбен қарызға батырған
Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіндегі ақауларды мойындады: Не өзгереді?
Депутат: ӘМСҚ айналасындағы дау медицинаға деген сенімге әсер етеді
"Туған-туысқа үлестірілген миллиардтар": Депутат МӘМС жүйесін сынады