Павлодарда 9-қабаттан құлағалы тұрған қыз құтқарылды
Павлодарда 9-қабаттан құлағалы тұрған қызды полицейлер құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары уақтылы әрі батыл әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды.
15-ші патрулдік полиция пунктінің учаскелік инспекторлары Азамат Әкімжанов пен Алмаз Сағадатов тоғызыншы қабаттағы балконда қыздың қауіпті жағдайда тұрғаны туралы шақырту бойынша оқиға орнына жедел жетті. Полиция қызметкерлері келген кезде қыз балкон қоршауының сыртында, бір аяғымен ғана конструкцияға сүйеніп тұрған. Кез келген абайсыз қозғалыс қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді. Жағдайды бағалаған учаскелік инспектор Азамат Әкімжанов дереу батыл әрекет етіп, қызды ұстап үлгерді. Әріптесімен бірге олар қызды шеттен алыстатып, қауіпсіз жерге шығарды, - деп хабарлады Павлодар қаласының ПД баспасөз қызметі.
Содан соң құтқарылған қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта ол мамандардың бақылауында және қажетті медициналық көмек алуда.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда 10-қабаттың терезе жақтауында тұрған бала құтқарылды.
Сонымен қатар, демалыста жүрген полицей өртеніп жатқан пәтерден 5 баланы алып шықты.
Тағы оқи отырыңыз:
Жезқазғанда құтқарушылар өрт ішінен ер адамды алып шықты
Астанада Есіл өзеніне секірген әйел құтқарылды