Павлодар, Жамбыл және Қостанай облыстарының сумен қамтылу көрсеткіші неге төмен?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар, Жамбыл және Қостанай облыстарында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші неге төмен? Бұл сауалға Үкіметтің онлайн отырысында аймақ басшылары жауап берді.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, облыстағы 352 ауылдың 141-інде орталықтандырылған су жүйесі бар. Мұнда халықтың 40 пайызы тұрады.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспары үш бағытта жүргізілуде. Біріншісі, ірі су құбырларын салу. Осы жылы 16,9 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 605 шақырым болатын 56 жоба іске асырылуда. Биыл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Келесі жылы 10,1 млрд теңгеге 42 жобаны іске асыру көзделген. Көрсеткіш 58 пайызға дейін жетеді. Осы бағыттағы жұмысты 2022-2023 жылдары жалғастыру жоспарланып отыр. Екіншіден, халық саны 200-ден кем ауылдарда сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін кешенді блоктар орнатылатын болады. Ол облыс бюджеті есебінен іске асады. Үшінші бағыт бойынша, Павлодар қаласын толық сумен қамтамасыз ету көзделген. Ол 2022 жылға дейін шешіледі. Үш жылдың ішінде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткіземіз, - деп уәде берді аймақ басшысы.
Ал Қостанай облысы әкімі Архмимед Мұхамбетовтың айтуынша, облыста 529 елді мекен бар.
Оның тоғызы қала және олар толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылдық жерде ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайы күрделі. Өткені кеңестік кезеңде облыс Ресей және Солтүстік Қазақстан арқылы топтық су құбырларымен ауыз суға қол жеткізіп отырған.Олар тозды. Қазір оларды жаңарту және халықты сумен қамту бойынша үш бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Биыл 57 жобаны іске асыруға 15 млрд теңге бөлінді. Екінші бағыт бойынша 300-ден астам халқы бар ауылдарда кешенді блоктар салу жоспарланған. Биыл 123-і іске асты. Үшінші бағыт бойынша, халқы 200-ден аз ауылдарға су жеткізуді ұйымдастыру. Осы мақсатта су цистерналарын сатып алудамыз. 2025 жылға дейін халықты толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Осы мақсатта 95 млрд теңгше қарастырылып отыр, - деді ол.
Жамбыл облысы әкімдігі мәліметіне сүйенсек, облыстың 4 қаласы 88 пайызға орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.Ол үшін 9 млр теңге бөлінді.
Ауыл халқының 73 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл 50 сумен жабдықтау нысанының құрылысына 18 млрд теңден астам қаржы бөлінген. 20 елді мекенде құрылыс жұмастыр жүргізілуде, 10 ауылда су жйелері қайта жаңғырыталтын болады. Жыл соңына дейін халықты сумен қамту көрсеткішін 83 пайызға жеткізу көзделген. Қалған 114 ауылда суды тазартудың кешенді блоктарын орнату көзделуде. Облыс халқын 100 пайыз сумен қамту 2025 жылға жоспарланып отыр.
Асқар Мамин халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік басты стратегиялық бағыттары екенін атап өтті. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халықты сапалы ауыз сумен 100 пайызға қамтамасыз ету 2025 жылдға қарай жоспарланып отырғанын, сондықтан әр әкімдіктер нақты жоспарларына сай жұмыс істеулері қажет екенін қадап айтты. Сондай-ақ, жауапты ведомстволардың артта қалған өңірлер мәселесін ерекше бақылауда ұстауын тапсырды.