Павлодар облысының сегіз колледжі жаңа альянсқа бірікті
Колледждер альянсына еліміздің үш өңірінің 14 орта арнаулы оқу орны және Еуразиялық топ енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстары колледждерінің директорлары мен ERG басшылығы Ақсу қаласында меморандумға қол қойды. Қонақтарды аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов қарсы алды.
Павлодар облысының әкімі қазіргі заманғы еңбек нарығы үшін техникалық кадрларды даярлау – өңірдің білім беру жүйесін дамыту бағыттарының бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, 10 колледж жанынан құзырет орталықтары ашылды. Соңғы үш жылда техникалық мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс екі есеге ұлғайып, облыс бойынша барлық колледж студенттерінің 80 пайызы қамтыды. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Ақсу – еңбекшілер дәстүріне бай қала. Ақсу колледжіне Альянспен бірлесіп нақты өндірістер мен жаңа инвестициялар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынамын. Теория мен тәжірибенің, дуальды оқыту формасы мен дәстүрлі оқытудың арақатынасы, түлектердің жұмысқа орналасуын бақылау сияқты мәселелерді шешу осы саладағы жұмыстың тамаша нәтижесі болады, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Облыс колледждерінде барлығы 22 мыңға жуық студент білім алады. Олардың көпшілігінің колледждегі оқумен қатар өңірдегі 150-ге жуық кәсіпорында тәжірибе алу мүмкіндігі бар. Бұл кәсіпорындардың ең ірілері - ERG өндірістері.
Токарь мамандығы қыздарға жараспайды деген стереотип бар. Алайда, колледжде осы біліктілік бойынша көптеген қыздар оқиды. Бұл қиын емес, керісінше өте қызықты. Құзыреттілік орталығы алған білімімізді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді, - дейді Ақсу қара металлургия колледжінің екінші курс студенті Александра Букумбаева.
Павлодар облысы колледждері Еуразиялық топпен ынтымақтастық орнатқаннан бері барлығы 40 мыңға жуық маман даярлаудан өтті.
Адамдарсыз біз ештеңе жасай алмаймыз. Сондықтан бізге жас әрі талантты, сонымен бірге білікті мамандар қажет. Өнеркәсіптік мамандықтарды жас ұрпақ үшін қызықты ету - біздің бірінші кезектегі міндетіміз, - деді ERG акционері Александр Машкевич.
55 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақсу қара металлургия колледжі ERG құзыреттілік орталығын жаңғыртуға арналған сыйлық сертификатына ие болды.