Павлодар облысындағы қайғылы оқиға: Әкім қаза болғандардың отбасыларымен кездесті
Қаза болған қызметкерлердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіліп, жыл соңына дейінгі жалақылары толық төленеді.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өндірістегі жазатайым оқиғадан алты қызметкер қаза тапқан «Aqtogai Milk» ЖШС-не барып, марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты.
Өңір басшысы қайтыс болған азаматтардың жақындарымен кездесіп, олардың қайғысына ортақ екенін білдіріп, мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қаза болған қызметкерлердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіліп, жыл соңына дейінгі жалақылары толық төленеді. Сонымен қатар несиелерін өтеуге жәрдем беріледі. Бұдан бөлек, компания марқұмдардың кәмелетке толмаған балалары 18 жасқа толғанға дейін оларды күтіп-бағу мен білім алуына байланысты барлық шығындарды өз мойнына алады.
Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне, Полиция департаментіне және прокуратураға аталған қайғылы оқиғаны тергеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ ол оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтап, еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол берген кінәлі тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Бұған дейін Павлодар облысы Ақтоғай ауданында төтенше оқиға орын алып, алты адам қаза тапқанын жазғанбыз.