Павлодар облысында мектептер бірыңғай типте жөнделеді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында орта білім беру мекемелері бірыңғай типте жөнделді. Жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізілді.
Облыстық білім беру басқармасының хабарлауынша, өңірде білім беру нысандарын жөндеу және салу бойынша 81 жоба жүзеге асырылуда. Биылғы жылы ауылдық жерлердегі мектептердің барлығына жылы дәретханалар, ал мектепке дейінгі білім беру нысандарына бейнебақылау камералары орнатылады.
Өңірде мектептердің бірыңғай стандарты әзірленді. Ғимараттардың жиһаздары, аумақтарын абаттандыру, фирмалық стилі мен логотиптер жүйесі бірдей болмақ. Осы концепцияға орай облыс орталығындағы алты мектеп жаңа кейіпке енді.
«Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша орта оқу орындарының ғимараттары жаңа талаптарға сай жөнделеді. Басты мақсат - оқушылардың білім алуына кедергісіз кеңістік құру және мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясын жөндеу мен жабдықтауға 200 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы, облыстағы мектептерді жөндеуге 6,5 млрд теңге жұмсалған.
Мектеп ғимараты 58 жыл бұрын салынған. Соңғы жылдары күрделі жөндеу көрмеген. Осы жолы білім беру ордасының қасбеті мен төбесі толық ауыстырылды. Сонымен қатар, 31 сынып заман талаптарына сай жабдықталды.
Мердігер ұйым өкілі Асхат Нұрекеновтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 20 адам еңбекпен қамтылды.
10 адам жұмыспен қамту орталығынан келді. Қалғаны - өзіміздің жұмысшылар. Құрылыс материалдары бойынша қиыншылықтар болмады. Жұмыстар кестеге сай аяқталуы тиіс, - дейді Асхат Нұрекенов.
Ертең білім беру үрдісі 112 мыңға жуық павлодарлық оқушы үшін басталады. Оның 13 мыңға жуығы - бірінші сынып оқушылары.
Карантиндік шараларға орай 173 мектептің 100 мыңнан астам оқушысы алғашқы тоқсанды қашықтықтан оқиды. Ал 183 аз жинақты ауыл мектебінің 11 мыңға жуық оқушысы оқу жылын штатты режимде бастайды. Мектептерде санитарлық талаптар қатаң сақталады. Білім беру нысандары дезинфекциялық құралдар, тепловизорлар мен қорғаныс құралдарымен қамтылды, - дейді мамандар.
Аймақтағы 43 техникалық және кәсіби оқу орындары да қашықтықтан жұмыс істеуге дайын. Тек алты аз жинақты аграрлық-техникалық колледж оқу жылын штатты режимде бастайды деп күтілуде. Студенттердің барлығы компьютерлермен қамтылған. Арнайы оқу орындары өз қаражаттарына қосымша 450 компьютер сатып алған.