29 Шілде 2026, 09:26 Фото: Ақтөбе облысы Полиция департаменті

«Пәтеріңізді шұғыл сатыңыз»: Ақтөбелік әйел баспанасынан айырылып қала жаздады

Алаяқтардың нұсқауымен пәтерін сатуға кіріскен әйелді жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері құтқарып қалды.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері алаяқтардың арбауына түскен тұрғынды құтқарып, 8 миллион теңге көлеміндегі шығынның алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

21 шілде күні Ақтөбе қаласының 56 жастағы тұрғынына өзін алдымен жеткізу қызметінің, кейін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар телефон соққан.

Алаяқтар әйелге оның атына жалған несие рәсімделіп жатқанын айтып, ешкімге ештеңе жарияламауды және тек өздерінің нұсқауын орындауды талап еткен. Психологиялық қысым көрсеткен олар жәбірленушіні мүлкін сақтап қалудың жалғыз жолы – пәтерін сату екеніне сендірмек болған, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Қаскөйлер әйелдің екі бөлмелі пәтері бар екенін алдын ала білген. Олар тұрғынды баспанасын нарықтағы бағасынан төмен бағаға сатуға көндіріп, кейін ақшаны өздері көрсететін «қауіпсіз шотқа» аударуға бағыттамақ болған.

Әйел жылжымайтын мүлік агенттігіне жүгініп, пәтерін сатуға қойған. Баспана 8 миллион теңгеге бағаланған.

Алайда агенттік менеджері клиенттің әрекетінен алаяқтық белгілерін байқап, уақыт оздырмай полицияға хабар берген.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері әйелге телефон арқылы сөйлескен адамдардың алаяқ екенін түсіндіріп, оны қылмыскерлердің ықпалынан шығарды. Соның нәтижесінде пәтердің сатылуына жол берілмей, азаматша ірі қаржылық шығыннан аман қалды.

Осыған байланысты полиция азаматтарды сақ болуға шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар ешқашан SMS арқылы келген кодтарды айтуды, пәтер немесе басқа мүлікті сатуды, сондай-ақ ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.

Егер осындай мазмұндағы қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, ешқандай жеке мәлімет бермей, полицияға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы хабарласу қажет.

Еске сала кетейік, Астанада екі көлікті алаяқтықпен иемденген автосалон менеджері сотталды. Клиенттерді алдаған менеджер жауапқа тартылды.