Пәтер бағасы шарықтап барады, ал сатып алушылар азайған: Қазақстанда баспана нарығы неге өзгерді?
Баспана қымбаттап жатыр, бірақ сатып алуға асығатындар азайған. Сарапшы нарықтағы өзгерістерді түсіндіріп, алдағы уақытта бағаға әсер ететін факторларды атады.
Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында жағдай біртіндеп өзгеріп келеді: баспана бағасы өскенімен, оны сатып алуға ниеттілердің қатары азайған. Сатып алушылар енді шаршы метр үшін артық ақша төлеуге дайын емес, әр ұсынысты мұқият саралап, таңдау жасауға көшкен. Дегенмен жылжымайтын мүлік бағасының одан әрі өсуіне негіз болатын факторлар сақталып отыр. Алайда барлық қалада баға бірдей қарқынмен қымбаттайды деуге болмайды.
Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко BAQ.KZ редакциясына берген сұхбатында жылжымайтын мүлік нарығындағы қазіргі ахуалға тоқталып, бағаға әсер ететін негізгі факторлар мен алдағы кезеңге болжамын бөлісті.
Біз нарықтың құлдырауын емес, сатып алушылар белсенділігінің төмендеп, олардың шешім қабылдауда сақтық таныта бастағанын байқап отырмыз. Бірнеше жыл бұрын жылжымайтын мүлікті көбіне баға одан әрі өседі деген үмітпен сатып алатын. Ал қазір сатып алушылар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін, нысанның өтімділігін, тұрғын үйдің сапасын және оны алдағы уақытта пайдалану перспективаларын әлдеқайда мұқият бағалайды, – деді сарапшы.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қазанда жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 629,5 мың теңгені, ал қайталама нарықта 639 мың теңгені құрады. Бір ай ішінде баға тиісінше 0,5 және 0,1 пайызға өскен.
Сонымен қатар қыркүйекте жасалған жылжымайтын мүлік мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға азайған.
Лариса Степаненконың пікірінше, мұндай динамика сатып алушылардың талаптары күшейіп, сатушылардың да бағаға қатысты күткен үміттерін қайта қарауға мәжбүр болғанын көрсетеді.
Қазір нарықта сатып алушы неғұрлым салмақты шарттар қоя бастады. Ал сатушы үшін жылжымайтын мүлікті өзі қалаған бағада сатылымға шығару жеткіліксіз. Ол нарықтағы нақты жағдайды ескеруі керек. Бұл әсіресе қайталама тұрғын үй нарығында айқын байқалады. Өйткені пәтердің жағдайы, құжаттарының заңдылығы, орналасқан жері және бағаның негізді болуы оны сату мерзіміне тікелей әсер етеді, – деп түсіндірді сарапшы.
Тұрғын үй бағасы неге одан әрі қымбаттауы мүмкін?
Сатып алушылар белсенділігінің төмендеуіне қарамастан, сарапшы бағаның күрт құлдырауын күтпейді. Оның пайымдауынша, алдағы уақытта нарықтағы өзгерістер әркелкі болады: кейбір нысандар қымбаттаса, енді бірінің бағасы қазіргі деңгейде сақталады. Ал жылжымайтын мүліктің жекелеген санаттары арзандауы мүмкін.
Лариса Степаненко нарыққа әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде инфляция мен құрылыс шығындарының өсуін атады. Құрылыс материалдарының, жұмыс күшінің, жер учаскелерінің қымбаттауы және салық жүктемесінің артуы жаңа тұрғын үйлер бағасының көтерілуіне алғышарт қалыптастырады.
Екінші маңызды фактор – ипотеканың қолжетімділігі. Қазір тұрғын үй несиесін алу халықтың едәуір бөлігі үшін әлі де үлкен қаржылық кедергі болып отыр. Сондықтан ипотекалық кредиттеу шарттары жеңілдемейінше, сұраныстың жаппай артуына сенім арту қиын.
Үшінші фактор – сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы. Сарапшының айтуынша, алдағы уақытта орналасқан жері қолайлы, жоспарлануы тиімді әрі инфрақұрылымы дамыған тұрғын үйлердің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.
Бұл ретте Алматы қаласының көрсеткіштері назар аударуға тұрарлық. 2026 жылғы қазанда қаладағы жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің орташа бағасы шамамен 747 мың теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,3 пайызға жоғары. Ал қайталама нарықта бір шаршы метрдің бағасы шамамен 756 мың теңгені құрады.
Менің болжамым бойынша, жылжымайтын мүлік құнының атаулы мәнде одан әрі өсуіне негіз бар. Бұл әсіресе сапалы жаңа тұрғын үйлер сегментіне қатысты. Алайда барлық қала мен тұрғын үй санатында баға бірдей өзгереді деп ойламаймын. Нарықта өтімділігі жоғары және бағасы негізсіз көтерілген нысандар арасындағы айырмашылық барған сайын айқындала түседі, – деп түйіндеді Лариса Степаненко.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда жан басына шаққандағы тұрғын үй құрылысы ЕО мен АҚШ-тан жоғары