30 Шілде 2026, 10:48 Фото: видеодан алынған кадр

«Партиялардың шынайы бет-бейнесі көрінді»: Саясаттанушы алғашқы теледебатқа баға берді

Сарапшының айтуынша, пікірсайыс партиялардың бағдарламасымен қатар, саяси мәдениеті мен ашық бәсекеге дайындығын да көрсетті.

Құрылтай сайлауы аясында өткен алғашқы телевизиялық дебат өз мақсатына жетті. Мұндай пікірді саясаттанушы Найла Мұхтарова білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бұл – жаңа саяси жүйе жағдайында ұйымдастырылған алғашқы Құрылтай сайлауының маңызды кезеңдерінің бірі. Пікірсайыс барысында жеті саяси партия өз бағдарламаларын таныстырып, алдағы жоспарлары мен басымдықтарын халыққа ұсынды.

Партиялар қандай мақсат көздейтінін, сол мақсаттарға қандай ресурстар арқылы қол жеткізетінін және уәделерін қай мерзімде орындауды жоспарлап отырғанын көрсетті. Бұл – сайлаушылар үшін маңызды ақпарат, – деді саясаттанушы.

Найла Мұхтарованың пікірінше, теледебатты мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақстандық тамашалады. Сондықтан бұл алаң партиялардың бағдарламасын таныстырумен ғана шектелмей, олардың саяси ұстанымын, пікірталас мәдениетін және қоғаммен байланыс орнату тәсілін көрсетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар сарапшы алғашқы дебат болғандықтан, кейбір кемшіліктердің болуы қалыпты жағдай екенін айтты.

Сарапшылар пікірсайысқа өз бағасын берді. Егер айтылған ұсыныстар ескеріліп, әлсіз тұстары түзетілсе, келесі теледебаттар бұдан да мазмұнды әрі сапалы өтеді деп ойлаймын, – деді ол.

Саясаттанушының айтуынша, партиялардың атынан сөз сөйлеген спикерлер өздерінің саяси мәдениетін де көрсете алды. Олар пікірталас жүргізу әдебін, сұрақтарға жауап беру деңгейін және қарсыласын тыңдай білу қабілетін байқатты.

Бұл тек дауыс үшін күрес емес, ең алдымен азаматтардың назарын аударып, өз ұстанымыңды ашық көрсетуге берілген мүмкіндік болды, – деді Найла Мұхтарова.

Ол дебаттың ұйымдастырылуына да оң баға берді. Айтуынша, сөз сөйлеу кезегі рандомайзер арқылы анықталып, барлық партияға тең мүмкіндік берілді. Сондай-ақ қатысушылар алдын ала қабылданған этика хартиясын сақтап, жеке басқа тиісу мен әдепсіз сөздерден бас тартты.

Мұндай тетіктер сырт көзге ұсақ деталь болып көрінуі мүмкін. Алайда қазіргі саяси технологияларда және сайлау науқандарын ұйымдастыруда олардың маңызы өте жоғары. Бұл – әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын, әділ әрі өркениетті пікірсайыстың маңызды элементтерінің бірі, – деді саясаттанушы.

Оның пікірінше, алғашқы саяси теледебат жалпы алғанда сәтті өтті. Алдағы пікірсайыстарда жинақталған тәжірибе ескерілсе, олардың мазмұны мен сапасы бұдан да жоғары болады.

Айта кетейік, кеше, яғни 29 шілдеде жеті саяси партияның қатысуымен Ұлттық теледебаттың тікелей эфирі өтті. Эфир барысында саяси сарапшылар теледебаттың маңызына тоқталып, еліміздегі конституциялық реформалардан кейін алғаш рет өткізілгелі отырған Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси мәніне баға берді. Олар медиаорталықтың Sky студиясында партиялардың сайлау бағдарламаларын талқылады. 

21 мыңнан астам қазақстандық алғашқы Ұлттық теледебатқа баға берді. Теледебатта көрермендердің QR-код арқылы тікелей онлайн дауыс беру мүмкіндігі болды. Жалпы 21 334 адам өз таңдауын жасады.

Тағы оқи отырыңыз: Ұлттық теледебат: Адам капиталын дамыту – партиялардың басты басымдығы