Парентеральды вирустық гепатиттерден қалай қорғанамыз?
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Айгүл Катренова парентеральды вирустық гепатиттерден қалай қорғану керегін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парентеральды вирустық гепатиттер – зақымдалған тері мен сілемейлі қабықтар арқылы жұғатын вирустан туындайтын аурулар тобы. Парентеральды вирустық гепатиттер көбіне созылмалы гепатит, цирроз және бауырдың бастапқы обырына себепші болады. В және С вирустары тудыратын гепатиттер жиі кездеседі.
Сыртқы ортаға төзімділігі
В гепатиті вирусы сыртқы ортада өте төзімді. Вирус антигені төсек-орын жабдықтарында, медициналық және стоматологиялық аспаптарда, қанмен ластанған инелерде (бөлме температурасында бірнеше ай бойы) анықталады. С гепатитінің вирусы сыртқы ортада төзімділігі аз, бірақ бұл ретте қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен ластанған заттар қауіп төндіреді.
Қалай таралады
Инфекция көзі аурудың жіті және созылмалы түрімен ауыратын науқастар мен таратушылар болып табылады. Қан беру механизмінде қан, шәует және сілекей нақты эпидемиологиялық қауіп төндіреді, өйткені басқа сұйықтықтарда вирус өте аз шоғырланады, - деді ол.
Вирус жыныстық қатынастар кезінде, ластанған тұрмыстық заттар (ұстаралар, тіс щеткасы, сүлгілер, жөке) арқылы берілуі мүмкін. Ауру таратушылары мен созылмалы түрлерімен ауыратын науқастар отбасы ішіндегі тығыз қарым-қатынас кезінде басты қауіп төндіреді.
Вирустың жұғу жолдары
Парентеральды гепатит татуировка, құлақ тесу, маникюр мен педикюр жасау, жарақаттау сипатындағы косметикалық емшаралар нәтижесінде жұғуы мүмкін. Егер көп рет қолданылатын құралдарды өңдеуде бұзушылықтар болса және осы рәсімдерді жүргізу кезінде санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар сақталмаса, онда адам тері мен сілемейлі қабықтың тұтастығын бұза отырып жүргізілетін (инъекциялар, стоматологиялық және гинекологиялық емшаралар) емдеу-диагностикалық емшараларын жүргізу кезінде инфекция жұқтыруы мүмкін, - деп айтты сарапшы.
Инфекция қан мен оның компоненттерін құю кезінде, ағзалар, тіндер, жасушаларды ауыстырып салу кезінде берілуі мүмкін. Вирус қоздырғышы анадан балаға тікелей берілуі де мүмкін.
Есірткі және психотроптық заттарды парентеральды енгізу кезінде В және С гепатиттерін жұқтыру жағдайлары жиі кездеседі.
Профилактикалық іс-шаралар
Профилактикалық іс-шаралар кешенінде қан құю және емдеу-диагностикалық парентеральды манипуляцияларды жүргізу кезінде жұқтырудың алдын алуға бағытталған шаралар аса маңызды болып табылады. Барлық донорлар В және С гепатиті маркерлерінің болуына кешенді клиникалық-зертханалық тексеруден өтеді, - деді ол.
Өткен мерзіміне қарамастан В және С вирустық гепатиттерімен ауырған, сондай-ақ соңғы 6 ай ішінде науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар донорлықтан шеттетіледі. Тері мен сілемейлі қабықтардың зақымдалуымен байланысты манипуляциялар кезінде бір рет қолданылатын құралдарды пайдалану, медициналық құрал-саймандарды стерилизациялау, құрал-саймандарды, жабдықтарды, жиһаздарды, қауіпті қалдықтарды дезинфекциялау арқылы парентеральды гепатиттердің арнайы емес профилактикасына қол жеткізіледі. Осындай талаптар косметикалық емшараларды, маникюр, педикюр, татуировка жасау кезінде де сақталуы тиіс.
Санитариялық-гигиеналық шаралар арқылы тоқтату
Санитариялық-гигиеналық шаралармен В және С гепатиті вирусының табиғи берілу жолдарын тоқтату қамтамасыз етіледі: барлық жеке гигиена заттарын даралау және оларды бөлек сақтау (ұстара аспаптары, тіс щеткасы, жөкелер, тарақтар және т.б.), жеке гигиена қағидаларын сақтау, тұрмыста және өндірісте шағын жарақаттардың алдын алу.
Инфекцияның жыныстық жолмен берілуінің алдын алу кездейсоқ жыныстық байланысты болдырмау және механикалық контрацептивтік заттарды пайдалану қажеттілігін көздейді.
Медициналық ұйымдарда кәсіби жұқтырудың алдын алуға гемодиализ, хирургиялық, зертханалық және басқа да бөлімшелерде эпидемияға қарсы режим қағидаларын сақтау арқылы қол жеткізіледі.
Алдын алудың ең тиімді әдісі
В гепатиті вирусының берілу жолдарының алуан түрлі және инфекция көздерінің көп екенін ескере отырып, алдын алудың ең тиімді әдісі - В вирустық гепатитіне қарсы вакцинациялау болып табылады.
С вирустық гепатитіне және парентеральды гепатиттердің басқа да түрлеріне қарсы вакцина әзірленбеген. Осы инфекцияларды болдырмау мақсатында алдын алу бойынша жалпы ұсынымдарды орындау қажет.