Өзгенікі деп ойлап жүрген сөздердің көбі қазақтікі. Тауар сөзінің тарихын білесіз бе?
«Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері, тіл маманы Мәрлен Әділов қазақ тіліндегі қаржы-экономикалық терминдердің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы күні жиі қолданылатын сөздердің көбі орыс тілінен алынған деп айтылса да, олардың көбінің шындыққа жанаспайтынын тілдік факторлармен көрсетіп жазуда. Сондай терминдердің бірі – тауар сөзі.
Қазақ тіліндегі «өнім» мағынасындағы тауар сөзінің орыс тіліндегі товар сөзінен алынғаны айтылады. Әрине бұл қате ақпарат емес, дұрыс. Тура осы тауар экономикалық термині орысшадағы товар сөзінен қазақ тілінің айтылу заңына сәйкес өзгертіліп алынған.
Ал орысшадағы товар сөзінің өзі қайдан келді? Оның тюркизм екенін білесіз бе?
Бір қызығы, тауар атауы бұрын көне түркі тілінде «ұсақ мал» мағынасында қолданылып, бұрынғы уақыттарда славян тілдеріне кірген екен. Тіпті товарищ терминінің өзі осымен байланысты десем, таңғалмаңыздар. Ол тавар (зат) + еш (дос) деген екі сөзден құралған. Ф.Миклошич, Ф.Корш, М.Фасмер секілді славянист ғалымдар да орыс тіліндегі товар сөзінің көне түркі тілінен алынғанын тұжырымдайды (қараңыз: Этимологический словарь тюркских языков, III том, 117 бет).
Сонда ХV ғасырларда біздің тілден өткен тавар (табар) сөзі бізге ХХ ғасырдың басында товар болып қайта айналып келген.
Тавар сөзі ең алғаш көне түркі жазба ескерткіштерінде қолданылған, оның ең бірінші мағынасы «мал» болған (қараңыз: Древнетюркский словарь, 162-ші бет). Ертеде мал ақша ретінде қолданылғандықтан, ол сол кездің өзінде «мүлік, ақша; байлық; жібек» деген мағыналарды білдіре бастады. Мысалы: таварлығ формасы «бай адам» дегенді білдірген болса, таварлуқ термині «қазынашы», ал таварсақ сөзі «ақша құмар» мағынасын білдірген.
Он бірінші ғасырдың құнды жәдігері Махмұт Қашқаридың Диуани лұғатит ат-түрк ескерткішінде тавар/табар сөзі тек «тауар, мал-мүлік, байлық» мағынасында қолданылып, оның «мал» деген бірінші мағынасы ұмытыла бастаған сыңайлы. Тіпті Таму қапуғын табар ачар «Байлық тамұқтың (тозақтың) есігін ашар» деген мақалда сол екінші мағынасы аңғарылады. Жәдігерде сонымен бірге тауар тер-, тауар йығ- сөз тіркестері «дүние жию, ақша жинау» мағынасында тіркелген.
Қазіргі түркі тілдерінде орыс тілі арқылы қайта айналып келген товар сөзі «зат, өнім» мағынасында неологизм болса, «мал» мағынасындағы тавар деген варианты архаизм болып кетті. Тіпті кейбір тілдерде «жібек, мата» деген ең көне мағынасы сақталған.
Кавказдағы қыпшақ тілдерінде тауар сөзінің варианттары ескі мағынасында әлі күнге дейін айтылады, мысалы, ноғай, құмық тілдерінде тувар базар «мал базары»; туварчы «малшы», қара тувар «қара мал» деген қолданыстар бар. Татаршада ол сөз туар болып қысқарған, тіпті Туар булса тун булыр, бодай булса он булыр «Мал болса тон болар, бидай болса ұн болар» деген мақалда сақталған. Башқұрт тілінде мал-туғар болып қос сөзде айтылады. Түрік тілінде де давар сөзі біздегі «ешкі» деген мағынада жиі қолданылады.
Қырғыз тілінде тубар атауы «қытай матасы, жібек» мағынасында сақталған болса, тобар нұсқасы «тері өнімі» дегенді білдіреді. Ұйғыр тілінде де тавар-дың «жібек мата» деген мағынасы әлі күнге дейін бар. Ең көне және жырақтағы тілдер саналатын чуваш пен сахада да сол мағыналарында осы күнге дейін жетіп отыр: чуваш т. тавар «иленген тері; мата»; якут т. табаар «мата, без» (деректер осы тілдердің сөздіктерінен алынды).
Этимолог ғалымдардың көбі (А.Поцелуевский, Н.Елкина, М.Рясянен) тавар-дың туу (тоғ-) деген етістіктен жасалғанын алға тартады, яғни: тоғ-ар = тов-ар = тав-ар (ЭСТЯ III 116). Расында солай болуы әбден мүмкін, өйткені туыс тілдердің барлығында туғар, тубар, тувар, туар деген варианттарында айтылады.
Сравнительная грамматика тюркских языков деген кітапта тавар сөзі тап, табу етістігінен шыққан деп жазады. Дәлел ретінде мал тап мысалын береді. Расында қазақ тілінде мал табу деген тіркес «жұмыс істеп, іс қылып ақша табу» мағынасында. Тіпті қазіргі күні жиі айтылатын табыс терминінің өзі мал табу (яғни ақша табу) дегеннен келіп отыр.
Сонымен, қолда бар деректер негізінде о бастағы «мал» мағынасындағы тауар сөзінің «мүлік, дүние, зат» деген мағыналарына ерте дәуірде де ауысқанын көруге болады. Қазіргі түркі тілдерінде көбіне кейінгі мәндерінде жұмсалып, бұрынғы «ұсақ мал» деген мағынасы ұмытыла бастаған. Өйткені қазақ және басқа түркі тілдерінде орыс тілінен қайта айналып келген товар сөзі белсенді қолданысқа кірген. Сөйтіп көне «мал» мағынасындағы тавар сөзі ұмытыла бастаған, қазақ тілінде тіпті ондай нұсқа сақталмаған.
Ал, әлемде ақша ретінде пайдаланылған ең алғашқы тауар ол «мал» екені шындық. Өйткені қазіргі кездегі «байлық, ақша» мағынасындағы сөздер бұрын «мал (скот)» дегенді білдірген екен. Ондай мысалдар әлем тілдерінде де бар, мәселен, латын тіліндегі pecunia «материалдық жағдай; ақша; тиын», pecuniosus «бай» деген сөздер негізінде «мал» мағынасындағы pecus сөзінен шыққан.
Герман тілдерінде де солай, оларда орыс тіліндегі скот сөзімен байланысты сөздер байлықтың нысаны ретінде қолданылған, мысалы: гот т. skattus «мал; мүлік»; англосаксон т. skat «мал; әл-ауқат, молшылық; ақша, монета»; неміс т. schatz «мал; қазына, алтын»; көне русь т. скот «мүлік; ақша». Қазіргі орыс тілінде сол мағынасы достаток деген сөзде сақталған. Өйткені ол да негізі скот сөзімен байланысты: беларус т. статок «скот, стадо» (толығырақ Фасмердің орыс тілі этимологиялық сөздігінде).
Біздің тілімізде де солай, мал сөзі «ақша, байлық» деген мағынаға ауысқан. Мысалы, ұлы ақын Абайдың өлеңдерінде мал сөзі тек «ақша, дүние» деген мағынада кездеседі:
Дүние де өзі, мал да өзі / Ғылымға көңіл берсеңіз
Адал бол бай тап / Адам бол, мал тап
Өсек өтірік мақтаншақ / Еріншек бекер мал шашпақ т.б.
Осылайша тек біздің тілімізде ғана емес әлемнің көптеген тілдерінде «мал (скот)» мағынасындағы сөздер «байлық, қазына, ақша, зат, тауар» деген мағынаға ауысқан. Мұның барлығы бұрынғы кезде жануарлардың ақша, тауар орнына қолданылуымен байланысты. Ал бұрынғы мағына тілде әлі сақтала береді. Сол себепті сөздердің, әсіресе қаржы-экономикалық терминдердің шығу төркінін зерттеу маңызды.