Өзекті пікірталас: Қазақстанда вейп шегушілер мәселесі талқыланды
Қазақстанда қазір вейптерге тыйым салу мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Бірақ бұл сұраққа мүдделі тараптардың пікірі қарама-қайшы, деп жазады BAQ.KZ.
Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры «Тең құқылы диалог / Равноправный диалог» пікірталас клубы» диалог алаңында бұл тақырыпты жария талқылау ұйымдастырылды. Талқылау барысында жиналған ұсыныстар депутаттарға жолданды. Қор басшысы Зауреш Батталова екі тараптың ұстанымы мен мәселені шешудегі келесі қадамдары туралы толығырақ айтып берді.
- Зәуреш Қабылбекқызы, Парламентаризмді дамыту қорының қызметі туралы және вейпке тыйым салу тақырыбына қалай келгеніңіз жайлы айтып беріңізші.
- Біздің Қор 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Негізгі бағыты – азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын дамыту. Бұл ең алдымен, заң шығару процесіне араласуға қатысты. Ал «Тең құқылы диалог / Равноправный диалог» пікірталас алаңында қоғамдық резонанс тудырған өзекті мәселелер талқыланады. Солардың бірі – қазір Парламентте талқыланып жатқан вейпке тыйым салу туралы заң жобасы. Ол балалардан бастап ересектерге дейін барлық азаматтың мүддесіне – бизнеске де, қарапайым азаматтардың мүддесіне де әсер етеді. Ең бастысы – ол туралы пікірлер қарама-қайшы.
Біреулер вейптерге мүлде тыйым салу керек деп санайды.
Біреулер тыйым салу мәселені шешпейтінін және адамдар суррогат ішіп, жаппай уланған КСРО кезіндегі алкогольге қарсы науқанды мысалға келтіреді. Сонымен қатар, денсаулығына темекіден келген зиянды азайтқысы келетін шылымқорларға вейптің қажет екенін де атап өту керек.
Әрине, қазір вейп шегетін балалардың болашақта темекі шегушілер қатарына қосылып кетпей ме деген алаңдаушылығын ескермеуге болмайды. Кейбір сарапшылар жасөспірімдердің бір реттік вейпке деген қызығушылығын «эпидемия» деп атады.
Депутаттар тараптардың барлық пікірі мен дәлелдерін білуі және ескеруі үшін біз «Вейптер дегеніміз не және олар денсаулыққа қаншалықты қауіпті?» деген тақырыпта жария талқылау өткіздік. Оған 50-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде Мәжіліс депутаттары, ҮЕҰ, Денсаулық сақтау министрлігінің, бизнес өкілдері, Атамекен ҰКП, дәрігерлер, денсаулық сақтау мамандары, белсенді азаматтар болды.
- Вейптерге тыйым салуды жақтайтындар мен оған қарсылар қандай дәлелдер айтады?
- Тыйым салуды жақтаушылар, ең алдымен, қазақстандықтардың денсаулығын басшылыққа алады. Алайда қарсы тарап бұл мәселені шешпейтінін, тек нарықты заңсыз салаға апаратынын айтады. Модератор ретінде мен барлық пікірді тыңдағаннан кейін, вейпке толық тыйым салу қағидатын ұстану мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені, осы сектордағы заңды бизнеске тыйым салу – бақылау мүмкін болмайтын көлеңкелі бизнестің етек алуына әкеледі. Заңды сауда жүргізілуі үшін оны реттеуді және қоғамдық бақылауды күшейту қажет.
Бұл ретте «вейптің барлық санатын емес, тек бір реттік вейптерге ғана тыйым салу керек» деген үшінші тараптың пікірі де бар. Олар бағасының арзандығы мен дәмінің тартымдылығының арқасында жасөспірімдер арасында танымал. Бір реттік вейптерге толық тыйым салу туралы пікір қазір бұл мәселенің қаншалықты өткір екенін ескере отырып, жеткілікті негізделген.
- Талқылауға қатысушылар өзара түсіністікке келе алды ма? Мәселені шешудің келесі қадамдары қандай?
- Біздің алаңдағы пікірталастар әрқашан ашық. Мұнда міндетті түрде қарама-қайшы пікірлер айтылады. Көбінесе ортақ шешім таппайды. Бұл жолы да мәселенің ортақ түйіні табылмады. Бірақ барлық мүдделі тараптан ұсыныстар жинайтын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. 10 қаңтарға қарай ұсыныстар келе бастады және оның барлығы салыстырмалы кесте түрінде депутаттарға неғұрлым салмақты шешімдер қабылдау үшін берілді.
Келесі қадам – қаңтардың екінші жартысында өтетін сараптамалық кездесу. Әр тармақ дербес талқыланатын болады. Менің ойымша, шешім халықаралық тәжірибе мен практикаларды, халықаралық ұйымдардың сараптамалық және аналитикалық қорытындыларын ескере отырып қабылдануы керек.