4 Қыркүйек 2026, 20:40 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Өзбекстанда 2026 жылдың басынан бері такси нарығы қалай өзгерді?

Өзбекстандағы ресми такси нарығы сегіз айда 329 миллион сапарға және 7,2 трлн сумнан астам айналымға жетті. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесі шамамен 37%-ға өсті. Салық көлемі бүкіл 2025 жылдың қорытындысынан асып түсті, ал Cobalt жүргізушілер арасындағы ең танымал автокөлік мәртебесін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Gazeta.uz-ға сілтеме жасап.

Өзбекстанның Салық комитеті 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы такси нарығының жұмысы туралы деректерді ұсынды.

Салық органдарының ақпараттық жүйелеріне 242 такси агрегаторы біріктірілген. Салыстыру үшін, 2024 жылы олардың саны 142, сол жылдың соңында 155, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 224 болған еді.

Сегіз айдың ішінде агрегаторлар арқылы 329,04 миллион сапар жасалды. Такси қызметтерін көрсетуден түскен айналым 7,2 трлн сумнан асты. Жалпы айналымның 4,5 трлн сумы немесе 63,1%-ы қолма-қол ақшамен төленсе, қалған 2,6 трлн сумы немесе 36,9%-ы қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың үлесіне тиесілі.

Қолма-қол ақшасыз төлем үлесі айтарлықтай өсті. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 23,7%, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 27,8% болған.

Бір сапардың орташа құны 21 785,5 сумды құрады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 18 456 сум, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 20 мың сумнан сәл ғана асқан еді.

Жүргізушілер және олардың табысы

Агрегаторлар арқылы 481,1 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған жүргізуші жолаушы тасымалдауда. Сонымен қатар Салық комитетінің мәліметінше, жүйеде 593 заңды тұлға тіркелген. Салыстыру үшін қарастырсақ, жыл басында өзін-өзі жұмыспен қамтыған жүргізушілердің саны 574,6 мыңдай болатын.

Агрегаторлар арқылы 4107 әйел жүргізуші жұмыс істейді. Олардың саны жыл басымен салыстырғанда (4726) азайған.

Табыс көлемі бойынша жүргізушілер төмендегідей бөлінді:

  • 100 млн сумнан астам — 7900-ден астам адам;

  • 50-ден 100 млн сумға дейін — 31,5 мың адам;

  • 10-нан 50 млн сумға дейін — 124,4 мың адам;

  • 5-тен 10 млн сумға дейін — 59,9 мың адам;

  • 1-ден 5 млн сумға дейін — 123,6 мың адам;

  • 1 млн сумға дейін — 133,7 мың адам.

Салық комитеті бұған дейін тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бәрі бірдей тұрақты түрде тасымалдаумен айналыспайтынын атап өткен еді: кейбіреулері желіге айына бірнеше рет немесе тіпті аптасына бір рет қана шығуы мүмкін.

Cobalt ең танымал автокөлік болып қала берді

Такси көліктері арасындағы ең кең таралған үлгі — Chevrolet Cobalt (жалпы санның 27%-ы, жыл басында бұл көрсеткіш 23,7% болған). Одан кейінгі орындарда Nexia (19,3%) және Lacetti (16,1%) тұр.

Электромобильдердің үлесі 2025 жылдың қорытындысындағы 1,9%-бен салыстырғанда 2,5%-ға дейін өсті.

Көліктердің жас құрылымы да өзгерді. Қазіргі көрсеткіштер:

  • 1-3 жылғы көліктер – 16,3%;

  • 3-5 жылғы – 37,1%;

  • 5-10 жылғы – 17,3%;

  • 10 жылдан асқандар – 29,2%.

Ташкент нарықтың жартысына жуығын сақтап отыр

Сапарлардың негізгі бөлігі әлі де астананың үлесіне тиесілі. Қаңтар-тамыз айларының деректері бойынша, агрегаторлар арқылы жасалған барлық сапарлардың 45,3%-ы Ташкент қаласында орындалған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша астанаға сапарлардың 44,6%-ы тиесілі еді.

Одан кейінгі өңірлер:

  • Ферғана облысы – 8,46%;

  • Самарқанд облысы – 8,04%;

  • Бұхара облысы – 6%;

  • Әндіжан облысы – 5,87%;

  • Ташкент облысы – 5,2%;

  • Хорезм облысы – 4,86%;

  • Қарақалпақстан – 4,37%.

Салықтар

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында такси агрегаторлары 149,2 млрд сум салық төледі, оның ішінде 46,8 млрд сумы – ҚҚС. Салыстыру үшін, 2025 жылы агрегаторлар барлығы 128,2 млрд сум салық төлеген болатын, оның 63,6 млрд сумы ҚҚС үлесіне тиескен еді.

2023 жылдың соңында Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Yandex Go сервисі Өзбекстанның такси агрегаторлары нарығында 86,3% үлесімен үстем жағдайға ие екенін хабарлаған болатын.

2025 жылдың қаңтарында президент өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға такси қызметін тұрақты негізде көрсетуге рұқсат берді. Бұған дейін олар үшін уақытша тәртіп қолданылған еді. Сонымен қатар агрегаторлардың қызметін ретке келтіріп, олардың мемлекет, жүргізушілер мен жолаушылар алдындағы міндеттерін нақты анықтау тапсырылған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан-Өзбекстан өткізу пункттері тәулік бойы жұмыс істейтін болатыны хабарланды