Өзбекстан Орталық Азияда жасанды интеллектінің ортақ экожүйесін құруды ұсынды
Орталық Азия елдері жасанды интеллект саласындағы білім беру, цифрлық инфрақұрылым, инвестиция тарту және стартаптарды дамыту бағыттарында күш біріктіруі қажет. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Цифрлық технологиялар министрінің стратегиялық даму жөніндегі кеңесшісі Жахонгир Шукуров Астанада өткен C5+1 SI Conference конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Орталық Азияда жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қажетті әлеует бар. Өңір елдерінде жас халық, өсіп келе жатқан нарық және көптеген бастама бар. Осы мүмкіндіктерді озық технологиялармен, инвестициялармен және халықаралық сараптамамен ұштастыру арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге болады.
Орталық Азияда жасанды интеллекттің анағұрлым тығыз экожүйесін қалыптастыру – ынтымақтастықтың келесі логикалық кезеңі. Бұл бағытта бірлескен жұмыстың нақты нәтижелеріне қол жеткізуге болады, – деді Жахонгир Шукуров.
Ол өңірлік ынтымақтастықтың бірнеше негізгі бағытын атап өтті. Соның бірі – білім беру және техникалық мамандар даярлау. Оның айтуынша, жасанды интеллект еңбек нарығына елеулі өзгерістер әкелетіндіктен, жастарды жаңа технологияларды меңгеруге бағыттап, қажетті дағдыларды қалыптастыру маңызды.
Өзбекстан өкілі өңір елдері арасында цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен оған инвестиция тартудың да маңызын атап өтті. Жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру қомақты ресурсты қажет ететіндіктен, халықаралық инвестицияларды, соның ішінде деректер орталықтарын дамытуға бағытталған қаржыны тарту қажет.
Бұдан бөлек, ол жасанды интеллектіні экономика салаларында кеңінен қолдану және стартаптарды бірлесіп дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, АҚШ-тың стартаптарды қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктерін Орталық Азия елдері де пайдалана алады. Бұл үшін өңір мемлекеттері өзара ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық инвесторлар мен технологиялық компанияларды бірлескен жобаларға тартуы маңызды.
Жахонгир Шукуров жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында үлкен деректерді, тұрақты цифрлық инфрақұрылымды және жаңа технологияларды қауіпсіз пайдалануды да назарда ұстау қажеттігін айтты. Осы бағыттарда тәжірибе және ақпарат алмасу өңірлік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Орталық Азия бүгінде бірегей мүмкіндіктер кезеңінде тұр. Бізде жас халық, өсіп келе жатқан нарық және көптеген бастама бар. Егер осы ресурстарды озық технологиялармен, инвестициялармен және халықаралық сараптамамен біріктірсек, экономикалық өсімнің тұрақты негізін қалыптастыра аламыз, – деді ол.
Еске салсақ, елордада Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы жасанды интеллект пен цифрлық ынтымақтастықты дамытуға арналған C5+1 SI Conference конференциясы жұмысын бастады. Екі күнге созылатын кездесу бірлескен жобаларды, инвестицияларды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинады.
АҚШ Орталық Азия елдерінің киберқауіпсіздігі мен цифрлық секторын дамытуға 5 млн доллар көлемінде көмек көрсетеді. Қаражат кибергигиенаны жетілдіруге, киберинциденттерге ден қоюға, маңызды инфрақұрылымды қорғауға және қаржы секторының қауіпсіздігін арттыруға бағытталады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросы мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары Марк Кэмерон Астанада өткен C5+1 SI Conference конференциясының ашылуында мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді – вице-министр