11 Қыркүйек 2026, 20:53 Фото: https://president.uz/

Өзбекстан 2030 жылға қарай электротехника өндірісін 11 миллиард долларға дейін арттырады

Өзбекстан 2030 жылға қарай электротехника өнеркәсібі мен аралас салалардағы өндіріс көлемін 11 миллиард долларға, ал экспортын 5 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады fergana.agency.

Өзбекстанда өндірілген электротехника қанша елге тарайды?

Таныстырылымда соңғы жылдары сала өндірісінің көлемі 2018 жылғы 4,7 триллион сумнан 43,1 триллион сумға (3,6 миллиард доллар) дейін өскені аталып өтті. Экспорт көлемі 1 миллиард доллардан асты. Өзбекстанда өндірілген электротехника өнімдері 65 елге жеткізіледі.

Шығарылатын өнімнің құрылымы өзгерді. Мыс бұйымдарын өндіру мен экспорттау көлемі артып, ал төмен маржалы өнімдердің үлесі айтарлықтай қысқарды. Бүгінде ішкі нарықтағы тұрмыстық техника сұранысының 80%-ы жергілікті өнім есебінен қамтамасыз етіліп жатыр. Сонымен қатар шығарылған тауарлардың 30%-ы экспортқа жіберіледі. Күн панельдері, жоғары вольтты кабельдер, электромобильдерге арналған зарядтау станциялары, вакуумдық ажыратқыштар, жоғары вольтты ажыратқыштар мен жылу сорғыларын қоса алғанда, жүздеген жаңа өнім түрін шығару игерілді.

Осы жылдың жеті айында сала бойынша 30 триллион сумдық (2,5 миллиард доллар) өнім өндіріліп, экспорт көлемі 706 миллион долларды құрады. Құны 148 миллион доллар болатын 16 жоба іске қосылып, соның арқасында 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 51 триллион сумдық (4,2 миллиард доллар) өнім шығарып, экспортты 1,6 миллиард долларға жеткізу және жалпы құны 420 миллион доллар болатын 67 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Жоспар қандай?

2030 жылға қарай салаға 3 миллиард доллар инвестиция тарту және мыс өніміндегі қосылған құн үлесін 35%-ға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар электротехника саласында бірқатар түйткілдер қалып отыр. Кәсіпорындардың бір бөлігіне айналым қаражатына берілетін несиелер үшін кепілдік мүлік жетіспейді. Биржа арқылы мыс шикізатын сатып алу үшін неғұрлым қолайлы құралдар қажет. Ірі халықаралық брендтерді тарту үшін кепілдіктерді кеңейту талап етіледі. Сала өнімдеріне деген сұранысты тұрғын үй құрылысының өсуі де қолдап отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін қолдаудың жаңа тетіктері ұсынылды. Мыс шикізатын сатып алған кезде құнының 25%-ын кәсіпорындар төлейді. Ал қалған 75%-ын «Узсаноатэкспорт» АҚ төлейді. Қаражатты 90 күн ішінде жылдық 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен қайтаруға болады. Бұл мақсаттарға 50 миллион доллар бағытталады.

Несие берген кезде енді экспорттық келісімшарттар мен сақтық полистерін қоса алғанда, кепілдіктің басқа түрлерін де қабылдауға болады. Инвестициялық жобалар үшін ұлттық және шетел валютасындағы несиелердің бір бөлігі үш жыл ішінде өтеліп беріледі.

Қандай салық жеңілдіктері қарастырылған?

Өзбекстан экономикасына кемінде 50 миллион доллар инвестиция салатын халықаралық компанияларға салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымы дайын ғимараттар беріледі. Сала кәсіпорындарына арналған салықтық және кедендік жеңілдіктер 2030 жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ аралас салалардағы жергілікті кәсіпорындар да қолдауға ие болады.

Экспортты кеңейту үшін шетелдік нарықтарда сауда қоймаларын құру және өнімді сертификаттауды жеңілдету жоспарлануда. Ауғанстанға, Моңғолияға, Қазақстанға және Иракқа кешенді технологиялық шешімдерді экспорттау мәселесі қарастырылуда.

Бұдан басқа, Төртінші өнеркәсіптік революцияның ғылыми-зерттеу және инновациялық орталығын құру ұсынылды. Ол цифрлық модельдеумен, жаңа өнім түрлерін сынақтан өткізу және локализациялаумен, прототиптерді әзірлеумен және кәсіпорындарға инжинирингтік қызмет көрсетумен айналысады.

Президент Шавкат Мирзиёев жаһандық қосылған құн тізбегіне біріктіруді тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан құны 8 миллиард доллардан асатын мемлекеттік активтерді сатылымға шығаратыны хабарланды