Қойнауы құт Маңырақ жайлы не білеміз?
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Зайсанның күнгейі, Шіліктінің теріскейінде орналасқан Маңырақ жотасының жаратылысы ерекше. Қойнауы құт Маңырақтың тарихы ғасырлап емес, дәуірлеп саналады.
Сауыр-Сайхан мен Тарбағатайды жалғаған жотаның тарихы тереңде. Қилы заманның қиыншылығын қойнауын жайлаған тірі жанмен бірге тартқан Маңырақтың өткені мен қазіргі жағдайын салыстыруға келе ме? Көпшілік кезінде бұл таудың баурайын қалың орман басып жатқанын, онда жолбарыс пен арқар мекендегенін, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап, түрін бұзбаған жан-жануар мен өсімдіктердің барын білер ме екен? Белгілі орнитолог, зерттеуші Борис Щербаков тарихы аңыз бен ақиқатқа толы таудың тағдыры жайлы бізге біраз сыр шертті...
Толағай жотасымен жалғаса орналасқан
Кіші Маңырақ аталатын солтүстік жоталары теңіз деңгейінен 400 метр, ал Үлкен Маңырақ аталатын оңтүстік бетіндегі жоталары 1000 метрге дейін биіктікті көрсететін бұл таудың ұзындығы батыстан шығысқа қарай 60 шақырымды құрайды. Маңырақтың ең биік жотасы - 1200 метрлік Шорбас шоқысы. Жергілікті халық шыңның басы үнемі аппақ болып жатқанына орай оны «тұзды» деген теңеумен осылай атаған.
Мені Маңырақ өзінің биологиялық алуан түрлілігімен қызықтырады, Жалпы, бұл тау өзен-көлге өте жұтаң. Дегенмен, оның қойнауынан бастау алатын өзендер де жоқ емес. Алпыс шақырымдық тау қыраттарының арасынан Үйдене, Мыңбұлақ, Қызылқайың, Құсты, Шорға, Қандысу, Сырбұлақ өзендері ағып шығады. Маңырақ тауының күнбатыстағы аяқталар тұсында күмбез секілді Толағай жотасы жатыр. Жергілікті халықтың аңызы бойынша қуаңшылық кезінде Толағай есімді батыр аталмыш тауды көтеріп, Ертістің арнасын бітемек болған-міс. Алайда жолда тасқа сүрініп құлағанда, оны көтеріп келе жатқан тау басып қалған көрінеді, – деп бастады әңгімесін Борис Щербаков.
Ай шоқылары іспетті
Күн жаңа атқан және еңкейген мезетте тау шоқылары түрлі түске боялады, Күн көкжиекке тақаған сәтте оның сәулесі тау шоқыларының бірін қара, енді бірін сұр түске бояйды. Міне, осы сәт нағыз таңғажайып сәт. Биік қырат үстінен қарасаңыз, бейнебір өзге ғаламшарда жүргендей әсерде боласыз. Осыдан болар, мен бұл тауды "ай шоқылары" деп атап, ол туралы кітап жазғанмын. Белгілі орнитолог, зоолог Виталий Хахлов Маңырақтың жануарлары мен өсімдік әлемін жіті зерттеген ғалым. Ол Кеңес Одағы орнағанға дейін бұл тауды жолбарыс, елік, жабайы қабан, арқар мекендегенін жазады. Амал нешік, одан бері жасалған адамзаттың табиғатқа деген қиянаты барлығын дерлік құртты, – деп қосты Борис Васильевич.
Бүгінде Тарбағатай қорығы орналасқан Маңырақ жоталары құрғақ болып келетіндіктен, оның баурайындағы өсімдіктер де осындай климатқа бейім. Оның баурайында ерекше өсімдіктердің де жоқ еместігін алға тартқан ол тау жоталарының терең сайларында өсетін күймесгүлді (ясенец) мысалға келтірді. Ыстық күнде гүлдерінің беті көпіршіктеніп, эфир майын бөлетін өсімдіктің жанына барып сіріңке жақсаң, ауа лап етіп жанады. Маңайын отқа орап, өзі өртенбейтін өсімдіктің күймесгүл аталуы осыдан болар.
Таңғажайып оазистер ашылады
Маңырақ жоталарының арасында үш жүз, төрт жүз метрлік терең жықпылдар бар, Маңырақтың нағыз байлығы, міне, осы жықпылдарда жатыр. Түбінде тұрып төбеге қарасаң, күн әзер көрінетін терең жықпылдарда жер бетінің түзілуінде маңызды рөл атқарған үшінші және төртінші кезеңдерде, яғни динозаврлардың жаппай қырылып, мұз дәуірінің басталуы, адамның пайда болуы кезеңдерінен қалған өсімдіктер сол күйі сақталған. Кейбір терең құздардың арасымен келе жатсаңыз, алдыңыздан сылдыраған бұлағы, қалың орманы бар таңғажайып оазистер ашылады. Миллиондаған жылдар бойғы климаттық өзгерістер кезінде қылқан жапырақты орман басқан Зайсан қазаншұңқырын шөлейтті жерге айналдырғанымен, Маңырақтың жаңағы жықпылдарында реликті өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлері сақталып қалған. Күн сәулесі аз түсетін терең сайдың ішінде қолайлы климат қалыптасқандықтан, олар өмір сүруін тоқтатқан емес. Мысалы, Маңырақта өсетін Алтай күнгелдісі сол тұстағы таулардың бірінде жоқ. Сондай-ақ 1954 жылы геолог Виктор Ерофеев Құсты өзені бастауынан Кеңес Одағында алғаш рет динозавр жұмыртқасының қабықтарын тапқан. Кезінде Маңырақтың осындай жықпылдарында азиялық толай қояны мен орқояндар, арқарлар, еліктер, таутекелер мекендеген. Жас кезімнен бір естелік айта кетейін. Бірде сай ішімен келе жатып ну орман басқан алаңқайға тап болдым. Сол сәтте тау-тасқа өрмелеген таутекелер менен үркіп, дүр етіп қашпасы бар ма? Көз алдымда жөңкіген таутекелер бүкіл бір тау беткейін жауып кетті. Керемет көрініс! Сол кезде бейнебір тау беткейі көшіп бара жатқандай әсерде болдым – дейді орнитолог.
Атау сыры
Таудың Маңырақ аталуының өзі аңыз. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың бүтін бір ауылдарына осы таудың жықпылдары пана болған екен. Төскейді жайлаған қазақ ауылдары "жау шапты" деген кезде керек-жабдығын жинап, киіз үйін буып-түйіп, таудың сай-саласын паналаған. Осындай кезекті бір шапқыншылықтардың бірінде ауыл көшінен қалып қойған ақсақ қой отардың соңына ілесе алмай қалады. Қысылтаяңда не істерлерін білмей қалған малшылар тау басына қойды кезек-кезек арқалап шығаруға келіседі. Сол кезде келіп жеткен бір бай ақсақ қойдан келер қауіптің де, пайданың да жоқ екенін айтып, оны тастап кетуге бұйырады. Міне, осы қателік бүтін бір ауылдың қайғысына айналарын кім білген? Ауылдың орнын ғана сипап қалған жоңғарлар тау түбімен кетуге ыңғайланған кезде алыстан жаңағы ақсақ қойдың маңыраған даусын естиді. Дауыс шыққан бағытты бетке ұстаған жоңғарлар ауылдың көшкен ізімен жүріп, қуып жетіп адамдардың бірін де қалдырмай қырып салады. Осыдан бастап тау Маңырақ аталып кеткен.
Ерекше хайуан мекендеген
Маңырақта белгілі неміс саяхатшылары, зерттеушілері, зоология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Альфред Брем мен Отто Финш те болып, ол жайлы деректер қалдырған. Кейін бұл аумақты белгілі орыс саяхатшылары Григорий Потанин, Николай Пржевальский басып өткен.
1876 жылы саяхаттап келген Альфред Брем Маңырақты мекендейтін құстың 16 түрін анықтаған. Бірақ олар тауға терең бойламаған. Кейін олардың зерттеулерін мен жалғастырып, бұл жерді мекендейтін құс түрінің санын 130-ға жеткіздім. Менің шәкіртім Николай Березовиков құстың тағы да он түрін анықтап, Маңырақ орнитофаунасын 140 түрге жеткізді. Мұнда мен күшігендерді, дала бүркіттерін, ителгі-лашындарды, күйкентайды өте көп кездестірдім. Басқа жақта олар осынша көп кездеспейді. Сай-саланы мекендейтін құстар көбіне тау беткейін мекендейтін сары алақоржын, саршұнақ сияқты кеміргіштерді аулайды. Тағы бір қызығы, Маңырақты кеміргіштер тұқымына жататын жалман мекендейді. Оның оқиғасы мынадай: 1937 жылы өлген жыртқыш аңның асқазанын тексерген Виталий Хахлов олардың ішінен белгісіз бір хайуанның бас сүйегін анықтайды. Осыған дейін белгісіз болып келген хайуанның кейін реликті хайуан - жалман екені анықталған. Кейпі кеміргішке ұқсағанымен, тек жәндіктермен қоректенетін жалманның біздің кезімізге дейін жеткен ерте заманғы хайуан екендігі сол кезде ғылыми қауым арасында ерекше сенсация болғаны рас. Сонымен қатар мұнда адам қуып жете алмайтын жолақты әбжылан табылған. Жалпы, өмір сүру аралы Манчжурия мен Батыс Моңғолия болып келетін жыланның біздің өлкені мекен етуінің өзі таңғажайып құбылыс, – деп қосты Борис Щербаков.
Шығыс Тұранды мекендейтін жан-жануарлардың осы жерде тоғысуы өзін ерекше қызықтыратынын айтқан ол, әр аумақтың өзіне тән зоогеографиялық бөлінісі болатынын атап өтті. Алайда Маңырақ олардың біріне де жатпайтын дербес зоогеографиялық аумақ. Өйткені онда солтүстігінде орналасқан Зайсан қазаншұңқырының, батысы мен шығысында жатқан Сауыр-Сайхан, Тарбағатай тауларының, оңтүстігіндегі Шілікті жазығының флорасы мен фаунасы біріккен.
Иә, тылсымы көп таудың туризмге қосар үлесі де зор. Шығыстағы тамылжыған табиғатын бір бөлігін құрайтын осынау аймақтың ерекшелігі соңғы жылдары жиі айтыла бастағаны рас. Бірнеше қорық пен қорықшаны топтастырған өңірде туризмді дамытуға әлеуеті де жетерлік. Алты ай қақаған қысымен қыспаққа алатын аймақтың жазы жайлы. Кезінде керқұланды кері қайтарып, жерсіндірмек болған осы Маңырақ өңірі алдағы жылдары турист аяғынан арылмайтын аймаққа айналуы бек мүмкін.
Тек оған дейінгі біздің жұмыс – Маңырақтағы Тарбағатай қорығының маңыздылығын арттыра түсу. Аймақтағы қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы жұмыстарды жалғастырып, жотаның флорасы мен фаунасының нақты сипаттамасын жасауымыз қажет. Онда еліміздің "Қызыл кітабына" енген қанша құстың, жануардың және өсімдіктердің түрі барын нақтылауымыз керек, - деп сөзін аяқтады ғалым.