"Отырарға қайтып бара жатыр...": Алматы жұртшылығы Шахановты ақтық сапарға шығарып салды
Алматы жұртшылығы халық жазушысы Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды
Алматыда халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.
Халық жазушысымен қоштасуға 1,5 жарымнан аса адам келген.
Қоштасу рәсімінің басында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын жеткізіп, оқып берді.
Кеңес кезеңінде Арал тағдырына араша түсуі ағамыздың айқын азаматтық ұстанымын көрсетті. Мұхтар ағамыз болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білгенін айшықтайды. Ұлттың ең өзекті мәселелерінің бірі - тіл тағдырына келгенде Мұхтар Шаханов әрдайым алдыңғы шепте көрінді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында табандылық танытып, ана тіліміздің абыройын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Мұхаң ұлт мәселесі сынға түскен сәтте тайсалмай, елдің сөзін сөйлей білді, - дейді Әшімбаев.
Сонымен қатар ақынды ақтық сапарға шығарып салуға Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Ресей өкілдері келіп, арнайы көңіл айтты.
Қырғыз Республикасының делегациясын президент Садыр Жапаровтың кеңесшісі, жазушы Шолпанбек Әбіқаев бастап келді. Ол Жапаровтың көңіл айту жеделхатын жеткізіп, қазақ халқы мен ақынның жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Өзінің ұстанымынан бір сәт те кейін шегінбеген, ұлттық мұра жолында ақырына дейін күрескен қазақтың ұлы ақынының жақындарына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та жеделхатын жолдаған. Қошанов шетелде іссапарда жүруіне байланысты оның атынан көңіл айту хатын депутат Жанарбек Әшімжан оқыды. Шараға депутат Альберт Рау, Қазыбек Иса, Мақсат Толықбай, Айдос Сарым, Болат Керімбек және Ринат Зайытов келді.
Алматыда Шаханов - Шаханов болды, халықтың Шахановы болды, ұлы ақынға айналды. Іс-шара барысында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да арнайы келіп, көңіл айтты.
Ол тіл тағдыры жолында аянбай еңбек етіп, қоғам қайраткері ретінде артында үлкен із қалдырды деп айтуға болады. Ағамыздың адами қасиеті, азаматтық ұстанымы, болмысы халық үшін үлгі болды. Сондықтан ағамыздың өнегелі өмірі біздің жүрегімізде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз. Көзі тірісінде елдің құрметіне бөленген ағамыз жадымызда сақталады, - дейді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар ақынның рухани інісі Ұлықбек Есдәулет те сөз сөйледі. Ол ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев көңіл айту хатын жеткізді.
Мұхтар ағамыздың дүниеден өткені - біз үшін тау құлағандай әсер беріп жатыр. Қазақ пен қырғыз елдері ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың барлығы да ұлы ақынды жоқтап жатыр. Бір адам өмірден өткенде онымен қоса бір дәуір қоса кеткендей болады. Желтоқсанның шындығын ашты, тіл үшін тартысты, бір адамның ғұмыры жетпейтін мылтықсыз майданның алғы шебінде мерт болды. Қайтпас қайсарлығымен жүріп, қайтпас сапарға аттанды. Қайраткерліктің үлгісі бола білді. Алматыға ақ боз атпен келіп еді. Енді өзі туған, өскен Отырарға ақ боз атпен қайтып бара жатыр, - дейді Ұлықбек Есдәулет.
Алматы жұртшылығы халық жазушысын “Қош, асыл аға” деп ақтық сапарға шығарып салды.
Айта кетейік, Мұхтар Шаханов Түркістан облысы Отырар ауданындағы ауыл, Қоғам ауылына жерленеді.
Еске салайық, 20 сәуірге қараған түні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті.
BAQ.KZ редакциясы Шаханов қандай тұлға болғанына және оның еңбектеріне шолу жасаған еді.
Артынша әлеуметтік желіде Шахановтың соңғы хаты деген жазба тарады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.