Әлеуметтік дүкен көпбалалы отбасыларға арзан бағамен азық-түлік беріп жатыр
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. 2015 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының орталығында ашылған «Әлеуметтік дүкен» тұрақты жұмыс істеп келеді.
Әлеуметтік дүкенде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік арзан бағада беріледі. Дәлірек айтқанда, оларға 30-50% шамасында жеңілдік жасалады. Нарықта баға өзгерсе де, бұл сауда орнында бастапқыда қойылған баға сол күйінде сақталады. Дүкеннің азық-түлік қорын жасақтауда шаруа қожалықтарының иелері, кәсіпкерлер, мұнай-газ мекемелері және басқа да жомарт азаматтар атсалысып, демеушілік етуде.
Жақында «TuzkolMunaiGaz» компаниясы дүкенге 2,5 тонна азық-түлік әкелді.
«Қайырымдылық істер тұрғындарға үлкен көмек болады. Біз осындай жұмыстың басы-қасында табылғанымызға қуанамыз», - деді компания өкілі Мұрат Исағұлов.
«Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиеваның айтуынша, аталған азық-түлік өнімдері 130-дан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыға арзан бағамен беріледі.
«Бүгінде басқа сауда орындарынан 10 мың теңгеге азғантай зат түседі. Ал мұнда сол қаржыға 5 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті мол қылып аласыз. Мысалы, қанттың келісін – 140 теңгеге, күріштің келісін – 105 теңгеге, ұнның келісін – 61,6 теңгеге, еттің келісін – 875 теңгеге, күнбағыс майының 1 литрін 280 теңгеге алуға болады. Қазіргі күні осы дүкеннен 600-ден астам аудан тұрғыны көмек алуда. Ал аудан әкімдігі әлеуметтік дүкеннің бағасын әрдайым бақылап отырады», – дейді Ұлмекен Жанәлиева.
Сонымен қатар, «Қызылорда жолдары» серіктестігі де қайырымдылық көрсетті. Серіктестік өкілдері дүкенге 1,5 тонна күнбағыс майы мен 5 тонна ұн әкеліп берді.
«Бізге бұл дүкен көп пайдасын тигізіп тұр. Баға арзан, қалтамызға салмақ түсірмейді», - дейді тұтынушы Жұлдызай Айғанова.
Бұдан бөлек, «Әлеуметтік дүкенде» тұрмысы төмен отбасыларға киімдер тегін үлестіріледі. Бұл шаруаны «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі үйлестіріп келеді.
«Қолдан келгенше көмектесудің жолдарын қарастырамыз. Осы дүкенге халық өздерінің таза киімдерін әкеліп тапсырады. Ерлердің, әйелдердің, балалардың да киімдері бар. Ал тұтынушылар өздеріне шақ келетінін алады», – деді Ұлмекен Шанайқызы.