Отандық ғалымдар сиыр көкетінің шандырынан күйік пен ауыр жараны емдейтін таңғыш ойлап тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары терең жара мен күйікті емдейтін таңғышты таныстырды.
Идея авторларының мәлімдеуінше, «X-Graft» деген атауға ие биологиялық жабын ауыр күйік шалған, қант диабеті, онкологияға шалдыққан науқастардағы терең жараны емдеуге таптырмас құрал.
Идеяның авторы – марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев екенін атап өткім келеді. 2011 жылы ол Биотехнология орталығына келіп, елде донор терісінің тапшылығы бар екенін айтты. Проблеманы азайту үшін ірі қара көкетінің шандырынан тиімді таңғыш жасайық деген ұсыныс білдірді. Әріптестерімізбен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жануардың жасушасын алып тастаудың оңтайлы технологиясын таптық. Сиырдың париеталды қабырға көкетінің шандырынан жасалған таңғыш материал терең және ұзақ уақыт емді қажет ететін жараларды емдеуге арналған. Емдік қасиеті бойынша бұл биологиялық жабын шетелдік баламалардан кем түспейді. Себебі коллаген мен эластиннің табиғи талшықтарынан жасалған, әрі адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиетке ие, - деп түсіндірді биотехнолог-ғалым Вячеслав Огай.
Сондай-ақ оны стоматологияда қызыл иектің көлемін ұлғайтуға және тіс имплантының айналасындағы жұмсақ тіндердің көлемін өсіру үшін қолдануға жарамды.
Айта кетерлігі, биологиялық жабын Қарағанды қаласындағы профессор Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана мен Алматыдағы №4 клиникалық аурухананың қабырғасында клиникалық зерттеулерден сәтті өткен.
Зерттеуге жарасының көлемі 5-30%, ІІ-ІІІ дәрежелері химиялық күйік алған 120 науқас қатысыпты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қарапайым дәке таңғыштарымен салыстырғанда биологиялық жабын сауығу процесін жылдамдатыпты.
Жараның бетіне зақым келтірмей, терінің тез қалпына келуіне ықпал еткен.
«Х-Gfaft» биологиялық жабыны медициналық құрал ретінде Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілген соң кең қолданысқа ие болады деген сенімдемін. Әрі еліміздегі медициналық қызметтер деңгейі көтеріліп, науқастардың өмір сүруі жеңілдейді. Ауыр күйік шалғандардың өлімі әлдеқайда төмендейді деп санаймын. Мұны зерттеуге қатысқан дәрігерлер де жабынның қолданылуы оңай екенін растады, - деді Вячеслав Огай.
Сондай-ақ ғалымдар «Х-Gfaft»-тың бағасы шетелдік өнімдерге қарағанда қолжетімді болады деп отыр.
Мәселен, өлшемі 4х16 см-ге тең Alloderm жасушасыз жара жабыны 1800 доллар тұрса, 10х10 см өлшемді Xe-Derma-ның құны – 108 еуро.
Ал өзіміздің отандық жабын 10-12 еуро, яғни шамамен 6000 теңгеге бағаланады.
Жабын жасалмас бұрын бірнеше сатылы өңдеуден өтеді. Зертханада біз ксеногенді ішпердеден қажет емес артық тіндерді, қантамырларды алып тастаймыз. ДНҚ-жасушалардан арылту үшін оны өңдейміз. Дәрігерлер ұсынған өлшемге келтіреміз. Ол әдетте 10х15 см-ге тең. Ал стоматология саласы үшін 1х1 см өлшемді дайындаймыз, - деп атап өтті Дің жасушалары зертханасының аға ғылыми қызметкері Әсел Исабекова.
Қазіргі таңда жоба БҒМ, ЦДИАӨМ тарапынан қолдау тапты. Құрал клиникалық сынақтардан өтіп, оны Қазақстанда тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ДДСҰ ұсынған мәліметке сүйенсек, әлемде жыл сайын 180 000 адам түрлі күйіктен қайтыс болады.
Ғалымдар қолжетімді материалдан жасалатын отандық өнім науқастардың жылдам сауығып, өлім-жітімнің азаюына септігін тигізеді деп сенеді.