Оспан: Әр ұрпақ өз ата-анасының баласы ғана емес, өз заманының перзенті

Мұндай пікірді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан бірінші халықаралық психологиялық форумда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада «Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында І халықаралық психологиялық форум басталды.

Бүгінгі таңда психология адам мен қоғам ғылымдары жүйесінде маңызды орынды алады. Біз адам жанының және көптеген әлеуметтік процесті түсінуге мүмкіндік беретін ғылым ретінде психологияның өзектілігі артып келе жатқанын көріп отырмыз, - деді вице-министр.

Ол форумға жиналған қонақтарды министрліктің атынан қарсы алды.

Біз балалардың мүддесін алдыңғы орынға қоямыз. Қазіргі күні өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру, олардың даму процесінде нені ескеру керек екенін білу маңызды. Себебі ХХІ ғасырда әлем жаңа жағдайға тап болды. Пандемия да өз әсерін тигізеді. Осы ретте балалардың бойында нені дамыту керек? Әлемнің белгісіздігі адамнан психологиялық тұрақтылық пен төзімділікті талап етеді. Бұл әсіресе балаларға қатысты, - деді Еділ Оспан психологтардың конференциясында.

Оның айтуынша, психологтар ұрпақ теориясының терең мағынасын түсінуі керек. Себебі шамамен әр 20 жыл сайын адамдар өздерінің алдындағылардың нанымдарына ұқсамайтын дүниетанымы мен тәжірибесімен дүниеге келеді.

Яғни, әр ұрпақ ол сол заманның баласы. Бұл концепция бойынша әрбір ұрпақ өз ата-анасының баласы ғана емес, сонымен бірге өз заманының перзенті. Сондықтан әртүрлі тарихи дәуірлерде өскен адамдардың құндылықтар жүйесі айтарлықтай ерекшеленеді. Олар отбасылық тәрбиенің нәтижесінде қалыптасады, көпшілігі өз заманының әлеуметтік, экономикалық, саяси факторларының әсеріне де байланысты болады, - деп айтты Еділ Оспан.

Іс-шараны «El Umiti» корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігімен және Дарындыларды қолдаудың еуропалық кеңесімен бірлесе өткізіп отыр. Форум қабілеттер мен дарындылық психологиясы саласының зерттеушілері мен практиктерінің басын біріктіріп, балалар мен жастардың әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы