Өскеменнің жаңа аулаларын бүлдіретіндер көп
Соңғы жылдары Өскеменде спорт және ойын алаңдарын, қыдыру алаңқайларын жастардың қасақана бүлдіруі жиілеп кетті, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Өскеменде аулалар қарқынды абаттандырылуда. Әсіресе, спорт және ойын алаңдарының саны артып келеді.
Қалада 2017-2022 жылдары 191 учаске, оның ішінде жеке сектордағы 13 учаске абаттандырылды. Алаңдардың жалпы саны – 331, оның ішінде 158 балалар алаңы, 98 спорт алаңы, 75 ересектерге арналған демалыс аймағы бар. Ал былтыр «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 28 аула абаттандырылды, олардың 30-на балалар алаңы, 25-не спорт алаңы орнатылды, – дейді Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары.
Алайда жастардың көшелердегі нысандарға шимайлап жазу жазып, ойын және спорт алаңдарын бүлдіру жағдайы жиі кездеседі.
Жуықта бізге қала қонақтарының бірі Ертіс жағалауына бәзбіреулердің әдепсіз сөздер жазып кеткенін айтып шағымданды. Қаланың көркін бұзды деп байбалам сала келген қарияның уәжі бойынша барып көрдік. Расымен де бұзақылар айтуға ауыз бармас сөздерді жазып кетіпті.
Өскемен – жаныма жақын қала. Өзім көп жыл маңайдағы Глубокое ауданында қызмет істегем. Қазір Астанадамын. Алайда осында қызым тұратындықтан, жиі-жиі қыдырып келемін. Қай күні Ертісті жағалап бара жатып, шимай-шимай жазуларды көрдім. Кезекті біреуіне үңіліп қарасам, айтуға ауыз бармайтын сөздерді жазып қойыпты. Ұят! Біздің балалар бар дүниенің қадірін білмейді! Бұл олардың бассыз-баусыз кеткендігінен. Жастарда тәрбие мен мәдениет жоқ. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бойдағы қуатын шығарғысы келсе, спортпен айналыссын, білім алсын. Ата-аналар балаларын бақылап отырса екен, – деді қария Рымбек Төребекұлы.
Біз жастардың біраз жерді махаббат тақтасына айналдырып жібергенін көрдік. Ертіс бойындағы темір шарбақты «сезіммен» көмкеріп тастапты. Ондағы жазуларды «Я тебя люблю», «I love you» деп басталатын құдды сезім хаттары дерсің. Жүрегі қалаған жанды сүйгендей қалаға да махаббатпен қараса ғой, шіркін!
Ал бұдан өзге бейәдеп сөздердің қатарын қаланың әр жерінен жолықтыруға болады. Жазу түк емес, кейбір балаларға арналған ойын құрылғыларын сындырып та кеткен. Осындай ойын және спорт алаңдарын жөндеуге кім жауапты екенін де сұрап білдік.
Аулаларды абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейінгі шарт бойынша кепілдік мерзімі – 3 жыл. Пайдалану кезінде бүлінуі салдарынан туындаған залалды өтеу немесе ақауды түзету кепілдікке кірмейді. Мердігер ұйым жабдықтың сапасына және қауіпсіздігіне кепілдік береді, – дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары.
Мердігер қолынан шығып, мемлекет меншігіне қабылданған дүниені сапасыз дей алмаймыз. Ең дұрысы ауласындағы заттарды тұрғындардың күтіп ұстағаны абзал.
Бүтін дүниені бүлдіруді көбінде ересек балалар жасайды. Алаңдарды үнемі бақылап отырған адам болмағандықтан, қай уақытта кімнің сындырып кеткені де беймәлім қалады. Сондықтан аулаңыздағы алаңның бүлінгенін көрсеңіз, полицияға не ТҮКШ-ке хабар берген жөн. Ары қарай жағдайды жауапты мекемелер бірлесе шешетін болады.
Сонымен қатар кондоминиум объектісін басқару органдары аулалардағы ойын құрылғыларының ақауларын уақтылы анықтауы керек. Ондай ақауларды балалардың қауіпсіздігі үшін тұрғындардың да үнемі бақылап отырғаны дұрыс.