Солтүстік өңірде де сити-фермерлікті дамытуға мүмкіндік мол – кәсіпкер

4 Мамыр 2023, 16:02
887
Бөлісу:
Солтүстік өңірде де сити-фермерлікті дамытуға мүмкіндік мол – кәсіпкер
Фото: dfermer.ru

Өңірде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау алып, кәсіптің жаңа түрлерін меңгергендер саны артуда. Солардың бірі – көкшетаулық Сая Уахитова сити-фермерлікпен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Көпбалалы ана бос отыруға дағдыланбаған. Бала күтімімен үйде отырған уақытта ол дәмді торттар пісіріп пайда тапқан. Аса мол табысқа кенелмесе де, өнімдері тұтынушылардың көңілінен шыққанын айтады.

Осы кәсіппен айналыса жүріп қанттың пайдалы өнім емес екенін түсіндім. Балаларым тәттілерді көп тұтына бастады. Мен отбасым үшін дұрыс тамақтануға көшуді шештім, денсаулыққа пайдалы дүниелер іздей бастадым. Жаңа мамандық түрі – сити-фермерлікпен айналысуды жөн көрдім. Бір жарым жыл бұрын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грантқа ие болдым. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында арнайы курстан өтіп, жеке кәсібімді аштым, – дейді Сая Сағындыққызы.

Осылайша ол жарық түсіргіш, шырын сыққыш, науалармен қатар микрожасыл өсімдіктер өсіру үшін тұқым сатып алған.

Үш сөрені жұбайыммен өзіміз жасадық. Бастапқы кезде көпқабатты үйде көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын оншалықты түсінбедім. Сол себепті шетелдік агроном-технологтан оқу курсын сатып алдым. Көп ойланбай, іске кірісіп кеттім. Микрожасыл өсімдіктерді өсіру ыңғайлы, бұл үлкен аумақты қажет етпейді. Сонымен қатар, өнімді жыл бойы жинауға болады. Тұқым отырғызған соң 8-25 күннен кейін өнімді сата бастаймыз, - деп бөлісті сити-фермер.

Оның бұрынғы мамандығы заңгер, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта еңбек еткен.

Қалалық егіншілік – бұл америкалық идея. Ғылымның алға жылжуымен аталған әдісті шетелдіктер әлдақашан игеріп қойған. Солтүстік өңірде енді қолға алына бастады. Бұрын біз өсімдіктерді өсірудің бұл әдісін тек кинофильмдерден көрдік. Бұл ауа-райының жағдайына байланысты емес. Мысалы, біздің солтүстік өңірде де бұл іспен еш қиындықсыз айналысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Микрожасыл өсімдіктердің бір науасы оның құрамындағы қоректік заттар бойынша 2-3 кг көкөніске тең. Алдағы уақытта гидропоника, аэропоника, топырақсыз микрожасыл өсімдіктерді өсіру ғылымындағы ілеспе бағыттарды зерттегім келеді. Еліміздің оңтүстігінде сити-фермерлік қазірдің өзінде кең таралған. Біздің қалада микрожасыл өсімдіктерге елордадан тапсырыс берілетін, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкердің өнімдеріне тапсырыс берушілер саны артып келеді. Ал елордалық аспаздар микрожасыл өсімдіктерді мейрамханаларда ас үй тағамдарын безендіру үшін пайдаланады.

Аскөк, ақжелкен қазір ешкімге таңсық өнім емес. Ал микрожасыл өсімдіктер сұранысқа ие. Әрине, оны күтіп-баптау да оңай емес: өсімдіктер де «көңіл-күйді» сезінеді, ерекше температура қажет. Гурмандар әдемі ұсынылған тағамдарды ерекше бағалайды: табақтардағы микрожасыл өсімдіктер тәбет ашатыны белгілі. Өнімдерді науаларда сатамын немесе клиенттің қалауы бойынша кесілген күйде жинаймын. Тамақтану тәртібін қатаң қадағалайтын адамдарға витграсс шырынын көбірек ұсынамын, – дейді Сая Сағындыққызы.

Ол атап өткендей, өсіп тұрған бидай дәндерінен алынған бұл табиғи дәруменге бай, ағзаға пайдалы шырын жас өскіндерді сығу арқылы, термиялық өңдеусіз және химиялық қоспаларсыз алынады.

Өсімдіктің бойындағы пайдалы қасиеттер сол күйін сақтайды –тәтті, шөптің табиғи дәмі бар. Мен өсімдіктерді 10 см-ге дейін өсіріп, мұздатып сатамын. Табиғи энергетикті 10 күннен үш айға дейін тұтынған жөн»,-деп түсіндіреді сити-фермер.

Ол өз кәсібін кең ауқымда дамыту үшін әлі көп жұмыс істеу керек екенін айтады. Бұған оның жұбайы, екі ұлы және қос қызы көмектеседі және барлық жағынан қолдау көрсетеді. Әзірге микрожасыл өсімдіктерді үйінде өсіруде. Өнім көлемі сөрелерде көшеттер сияқты өлшенеді. Кәсіпкер «Атамекен» ӨКП мамандарымен тығыз байланыста. Ол сондай-ақ көпбалалы аналар бірлестігінің белсенді қатысушысы.

Біздің қоғамдастықта қол қусырып отыру деген жоқ. Үйде отырған әрбір ана үй шаруашылығынан бөлек жеке іспен айналысады. Менің ойымша, бұл нәзік жандыларға өте қажет, – дейді Сая Уахитова.

Кәсіпкердің пайдалы ісіне қызығушылық танытушылар саны артуда. Бірқатары осы салада өздерін сынап көргісі келеді.

Алдағы уақытта оқыту курстарын ашу жоспарымда бар. Өйткені сұраныс көп, қызығушылық танытқандар саны артып келеді. Өз бизнесімді дамыту үшін әлеуметтік желілерде арнайы курстарға жазылдым. Экология, дұрыс тамақтану және өз жұмысыңнан ләззат алу – керемет сезім. Осы ретте шетелдік тәжірибені зерттеу үстіндемін. Бірқатар елдерде мектептерде, тіпті балабақшаларда осындай өсімдіктерді өсіру технологиясын үйретететін сабақтар бар. Балалар тұқым отырғызып, суарады, күтеді, өсімдіктердің қалай өсетінін бақылайды. Кәдімгі пәтер жағдайында өсіруге болатын экологиялық таза өнім уақыт өткен сайын танымал болып келеді. Солтүстік өңірде де сити-фермерлікті дамытуға мүмкіндік мол, – деп түйіндеді Сая Сағындыққызы.

Өзгелердің жаңалығы