Бүгiн 2026, 10:09 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Өскемендегі жарылыс: Бектенов мәселені жеке бақылауына алды

Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде ашық жалын тіркелген. Қазіргі уақытта ТЖМ бөлімшелері өртті толық сөндіру және зардап шеккендердің бар-жоғын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет отырысында Үкімет басшысы төтенше жағдайдың себеп-салдарын жедел анықтап, барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Өскеменде болған жарылысқа қатысты таңертең қажетті тапсырмаларды бердім. Төтенше жағдайлар, Экология министрлігі, Облыс әкімдігі қажетті шараларды қабылдап маған баяндаңыздар. Мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін Өскемендегі зауыттардың бірінде өрт шыққаны хабарланған еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шаң ұстау құрылғысында жарылыс болып, артынша өрт тұтанған. Соның салдарынан ғимараттың бір бөлігі құлаған.

Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде ашық жалын тіркелген. Қазіргі уақытта ТЖМ бөлімшелері өртті толық сөндіру және зардап шеккендердің бар-жоғын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оқиғаға байланысты жедел штаб құрылып, жағдай толық бақылауға алынған.

Белгілі болғандай, Өскемендегі "Казцинк" аумағында жарылыс салдарынан шыққан өрттен зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді.