29 Шілде 2026, 11:57 Фото: ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери полиция басқармасы

Өскеменде жоғалған сарбаз табылды: Әскери полиция оның не үшін кеткенін айтты

Әскери бөлімнен өз еркімен кетіп қалған сарбаз табылды. Бас әскери полиция оның жағдайы мен оқиғаның алдын ала себептерін жариялады.

Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен мерзімді әскери қызметші табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери полиция басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ҚР Қарулы күштерінің әскери полициясы әскери қызметшілерінің күшімен мерзімді әскери қызметші, қатардағы жауынгер А.Е. Мархан облыс орталығынан шамамен 20 шақырым жерде ұсталып, әскери полиция бөліміне жеткізілген.

Бас әскери полиция басқармасы сарбаздың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның аясында оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз үйін сағынуына байланысты қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен.

Сонымен қатар, тексеру барысында әскери қызметші командирлер немесе бірге қызмет атқаратын әскери қызметшілер тарапынан жарғыға қайшы қарым-қатынас немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері болмағанын айтқан, - деп хабарлады ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери полиция басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен мерзімді әскери қызметші қызмет орнын өз бетінше тастап кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Кейін оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.