2 Қараша 2026, 12:37 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

ОСК сайлау алдындағы үгіт жүргізу ережелерін еске салды

Қазақстанда мәслихат депутаттарының алдағы сайлауына байланысты сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталды. Ол 28 қарашаға дейін жалғасады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік кандидаттар мен саяси партиялар сақтауға тиіс ережелер, шектеулер мен тыйымдар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОСК отырысында үгіт науқаны кезінде сақталуы қажет сайлау заңнамасының негізгі талаптары түсіндірілді.

Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Дауыс берудің алдындағы күн, яғни 28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлау алдындағы кез келген үгітке тыйым салынады.

Жиында интернетте үгіт материалдарын тарату тәртібіне ерекше назар аударылды. Саяси партиялар мен кандидаттар үгіт жүргізу үшін өздерінің интернет-ресурстарын және онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдалана алады. Бұл ресурстарға материалдарды шарт негізінде орналастыру талабы қолданылмайды.

Сондай-ақ ОСК дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетеньдерін фотоға және бейнеге түсіруге, сол түсірілімдерді таратуға тыйым салынатынын еске салды.

Үгіт материалдарын Қазақстаннан тыс жерде дайындауға, авторы көрсетілмеген үгіт материалдарын таратуға және осы сайлау науқанына арналып дайындалмаған материалдарды пайдалануға қатысты шектеулер де күшінде қалады.

Ләззат Сүйіндік сайлау күні және оның алдындағы күні үгіт жүргізуге жол берілмейтінін атап өтті. Дегенмен бұрын ілінген баспа материалдары өз орындарында қала береді. Бұл ереже интернетте жарияланған үгіт материалдарына да қатысты. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне қайта шығаруға болмайды.

Сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынатынын еске салғым келеді. Бұрын ілінген баспа үгіт материалдары өз орындарында қала алады. Интернетте орналастырылған үгіт материалдары да бұрынғы орындарында сақталады. Оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді, – деді Ләззат Сүйіндік.

Тағы бір шектеу әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін жариялауға қатысты. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалардың нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және сайлау науқанына байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға тыйым салынады. Бұл тыйым саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін жариялауға да қолданылады.

Еске салайық, Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген.