Ормуз бұғазындағы мұнай дағдарысы сұранысты құлдыратудың алдында тұр
Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасын өсіріп, жаһандық сұраныстың күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы жабылып, әлемдік нарықта ұсыныс пен сұранысты теңестіру үшін мұнай тұтынуды қысқарту қажет болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Bloomberg агенттігіне пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, қысқарту көлемі кемінде 10% болуы тиіс. Олардың ойынша, жоғары баға бұрынғыдай көлемде тұтынуға кедергі келтіріп, сұраныстың өздігінен төмендеуіне алып келеді.
Сұраныстың төмендеуі қазірдің өзінде басталып кеткен, әрі бұл тек мұнаймен шектелмей, оған іргелес салаларға да әсер етуде, әсіресе Азияда айқын байқалады. Енді бұл үрдіс біртіндеп бүкіл әлемге таралып жатыр.
Сұраныстың қысқаруы баға қалыптасатын негізгі орталықтарда емес, көзге көп түсе бермейтін өңірлерде жүріп жатыр. Бұл түзету процесі қазірдің өзінде басталды. Біз шешуші кезеңге жақындадық, - деді Trafigura Group компаниясының бас экономисі Саад Рахим.
Еуропа мен АҚШ-та әуе компаниялары мыңдаған рейсті қысқарта бастаған. Сарапшылар АҚШ-та бензин бағасы галлонына 4 долларға жеткеннен кейін жанармай тұтыну да төмендейді деп болжап отыр. Халықаралық энергетика агенттігі (МЭА) тәулігіне 5 миллион баррельге тең (әлемдік көлемнің 5%) сұраныс азаюы мүмкін екенін айтады. Германия экономикалық өсім болжамын екі есе қысқартты, ал Халықаралық валюта қоры жаһандық көрсеткіштерді қайта қарады. Еуропалық орталық банк модельдеген үш сценарийдің ең қатаң нұсқасында Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 145 долларға дейін шарықтайды. Ал жұма күні Brent бағасы шамамен 105 доллар деңгейінде жабылды.
Бұл тоқсанда әлемдік сұраныс тәулігіне 5,3 миллион баррельге азаюы мүмкін. Ал Ормуз бұғазының жұмысы 12 аптаға тоқтаса, FGE NexantECA болжамынша, Brent бағасы 154 долларға дейін көтеріледі. Gunvor компаниясының зерттеу бөлімінің басшысы Фредерик Лассердің пікірінше, «егер үш ай ішінде өндіріс қайта жандалмаса, бұл макроэкономикалық мәселеге айналып, бүкіл әлем рецессия қаупіне тіреледі». Компания мұнай бағасы күрт өсіп, барреліне 200-300 долларға жететін сценарийге де арнайы стресс-тест жүргізген.
Еске салсақ, Иран күштері Ормуз бұғазында екі кемені тәркіледі. IRGC мәліметтері бойынша, Epaminondas АҚШ әскери күштерімен ынтымақтастықта, ал MSC-Francesca Израильмен байланысты.